Өлімге алып келетін аса қауіпті «Кавасаки синдромы» Нұр-Сұлтан, Алматы және Петропавл шаһарларының кішкентай тұрғындарында тіркеліп отыр. Балалардың орта және ұсақ артериаларына зақым келтіретін дертті коронавирус инфекциясын қоздырған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді. Балғындардың жағдайы қалай? Коронавирус инфекциясы бойынша ахуал тұрақталды ма? Тегін дәрі-дәрмекті алудың тәртібі қандай? Almaty.tv тілшісі Салтанат Нысанбек толықтырсын.
Елімізде коронавирусқа шалдыққан науқастардың арасында қазір 246 адамның хәлі мүшкіл. Ал соның 70-і өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлім етті. Оның сөзіне қарағанда, биылғы 13 наурыздан бастап індетпен 99 442 адам ауырды. Жазылып шыққан науқастардың саны 72 523 немесе 72,9 пайыз. Стационарларда 4 713 адам ем қабылдап жатыр. Ал 20 937 амбулаторлық жағдай емделуде.
«Қазақстанда коронавирусты жұқтыру өсімі тоқтатылды. Ел бойынша жағдай айтарлықтай жақсарды. Атқарушы билік ахуалды қатаң бақылауда ұстап отыр. Медициналық қауымдастықтың санитарлық-эпидемиологиялық қызметі өзіне жүктелген міндетін толық көлемде орындап жатыр. Осылайша еліміз ең күрделі кезеңді артта қалдырды десек болады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.
Десе де жеткен жетістікке қуанып, босаңсуға болмайды, деді ресми өкіл. Осы ретте ол қазақстандықтарды санитарлық ережелерді қатаң орындауға шақырды. Ал індетті жұқтырған ел азаматтарына дәріханаларда дәрі-дәрмек іздеп, сабылмай, тегін алуға болатынын жеткізді. Бұл ретте екі амалды айтты. Мәселен, егер науқаста құрғақ жөтел мен жоғары дене қызуы болса, бірден 103-ке хабарласу қажет. Ал аурудың белгілері айқын болмаған жағдайда, бірақ өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша дәрігеріңізге жүгінген жөн. Індет нақтыланған жағдайда, бес дәрі-препарат тегін беріледі. Олар, парацетамол, ибупрофен және коагулянттың үш түрі, деді Бағдат Қожахметов. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі, індет кей балаларда «Кавасаки синдромын» қоздырғанын да айтты. Жоғары дене қызуы, әлсіздік, бөрту, тахикардия сияқты белгілері бар дерт өліммен аяқталуы әбден мүмкін. Мұндай жағдайлар осыған дейін Италия, Ұлыбритания және АҚШ елдерінде тіркелген екен.
«Балалардың жағдайы әртүрлі. Мысалы, Нұр-Сұлтандағы бала туралы айтар болсам, жуырда денсаулық сақтау басқармасының жетекшісімен сөйлестім. Ол жағдайын тұрақты деп бағалады. Алайда, бұл өте қауіпті синдром. Ерекше емді қажет етеді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.
Анықталғаны, балалардың коронавирусты жұқтырудың бүгінге дейін 2257 жағдайы тіркелген. Қазір олардың 114 ауруханаларда ем қабылдап жатыр.
Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан