Алматыда коронавирус індетінен айығып шыққандар саны 900-ден асты. Тағы 50 азаматты ауруханадан шығару көзделіп отыр. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгінге дейін қалада коронавирус инфекциясын жұқтырудың 1 мың 848 жағдайы тіркелді. Кеше вирусқа тағы 46 адам шалдыққан. Оның 8-і - жергілікті жағдай, 12-сі - инфекцияның үйдегі ошақтарымен байланыста болған азаматтар. Қалғандары – карантиндік және провизорлық орталықтарда жатқандар. Қазір инфекциялық стационарларда 929 адам емделуде, оның 40-ы – бала. Екі адам ауыр халде жатыр. 22 адамның жағдайы ауыр, 296 науқастың халі орташа ауыр. Ал қалғандарының жағдайы қанағаттанарлық, деді Әбілдаев.
«Бүгінгі таңда қаламызда жазылып шыққандар саны 910 адамды құрайды. Бүгінгі күні тағы 50 азаматты ауруханадан шығару көзделіп отыр. Провизорлық госпитальдарда 251 адам бар, оның 6-ауы балалар, ал карантиндік оқшаулауда 260 адам бар. Үй карантининде 13087 адам бақылауда», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.