Алматыда үйлерді дезинфекциялау жұмыстары қайта жанданды

Алматыда үйлерді дезинфекциялау жұмыстары қайта жанданды
Бүгінгі таңда 6 мыңнан астам тұрғын үйде індет жұқтырғандар анықталған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда эпидахуалдың нашарлауына байланысты қаладағы дезинфекция жұмыстары да қайта жанданды. Бүгінгі таңда 6 мыңнан астам тұрғын үйде індет жұқтырғандар анықталған. Соған сәйкес, вирус өршуінің алдын алу мақсатында мамандар санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Толығырақ Almaty.tv тілші тарқатсын.

Коронавируспен күресте қала халқы үшін алдыңғы шепте жүретіндердің бірі  дезинфекторлар. Олар таңның атысымен қоғамдық орындардағы санитарлық тазалықтың сақталуын қамтамасыз етеді. Жағдай күрделенген тұста жұмысымыз да жиілеп кетті деген мамандардың қатары қазір 120-ға жеткен. Ал эпидахуал тағы нашарлайтын болса, дезинфекторлардың да санын арттыруға тура келеді.

«Ақпан айымен салыстырғанда, қазір індет ошақтары әлдеқайда артқан. Сәуірде күрт нашарлап кетіп еді, аздаған уақыт өтіп, қайтадан жағдай ушығып отыр. Маусыммен салыстырғанда, қазір жұмыс та екі есеге дейін ауырлай түсті», – деді мердігер ұйымның техникалық директоры Николай Давыденко.

Санитарлық тазалау жұмыстарында негізінен дезинфекциялық ерітінді қолданылады. Ол – спирт пен отандық өндірушілер өндірген хлордың қосындысы. «Аталған ерітіндінің қауіпсіздігі 4 классқа жатады. Әрі химикат адам денсаулығы үшін ешқандай қауіп туғызбайды»,– дейді мамандар.

«Жалпы ескертулерден бөлек, сынамаларды ұлттық сараптама орталығына тапсырамыз. Аталған тексеру аптасына 2 рет қайталанады. Сондай-ақ, тұрғындар мен мамандардың да жеке бас қауіпсіздігі жіті назарда болуы тиіс», – деді тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы Жандос Қайырханов.

Бүгінгі таңда 11 мыңға жуық қала азаматы үй карантинінде. Олар Телемедицина орталығы мамандарының жіті бақылауында отыр. Аталған тұрғын үйлерде дезинфекция жұмысы бірінші кезекте жүргізілетінін де атап өткен жөн.

Мадина Оқас, Аяна Нарикбаева, Медет Саматұлы,«Алматы» телеарнасы

Новости партнеров