Алматыдағы Телемедицина орталығы қызметіне жүгінгендер күрт көбейді

28.07.2021 22:16

Үй карантинінде жатқан науқастар саны 8 мыңға жуықтап қалды

Almaty.tv

Алматыда үй карантинінде жатқан науқастар саны 8 мыңға жуықтап қалды. Оларға Телемедицина орталығының қызметкерлері қашықтан кеңес беріп, күнделікті мониторинг жүргізіп отыр. Одан бөлек, COVID-19 белгілеріне ұқсас симптомдардың бар екенін айтып орталыққа хабарласатындар саны да соңғы бір аптада күрт көбейіп кеткен. Тақырыпты толығырақ Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын баяндайды.

Мегаполисте жұқпалы дерт қайта күшке мінгелі Телемедицина орталығы қызметкерлеріне тыным жоқ. Науқастардан келіп түсіп жатқан қоңырау легі толастар емес. Маусым айында 3 мың қоңырау тіркелсе, қазір олардың саны 9 мыңға жеткен.

«Жаңа «дельта» штамптың клиникасы аздап өзгерген. Яғни, асқазан ішек жолдарының ауырсынуларымен басталады. Іш өту, жүрек айну, құсу симптомдары секілді. Есту қабілетінің төмендеуі немесе көздерінің қызаруы, аяқ-қолдарының ұюы секілді. Халық үйреніп қалған ғой, ковид десе бірден тыныс алу жеткіліксіздігі басталады деп ойлайды. Қазір келіп жатқан сұрақтар осындай болып жатыр», – деді «Телемедицина орталығының» операторы Салтанат Аймағамбетова.

Бүгінде орталықта тәулік бойы 74 оператор кезекпен жұмыс істейді. Оның ішінде жалпы тәжірбиелік дәрігерлер, инфекционистер, хирургтар мен психиатр сынды мамандар бар. Бүгінге дейін орталықта 53 мыңнан астам адаммен байланыс орнатылған.  

«Хабарласқан азаматтың инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары болған жағдайда, орталық өкілдері тұрғынға мобильді бригада немесе жедел жәрдем жіберіп, оған медициналық көмек көрсету үшін стационарларды дайындайды. Оларға барынша емнен айығу жолдарын айтып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуге тырысамыз. Бүгінге дейін тұрғындар тарапынан шағымдар түскен емес», – деді «Телемедицина орталығы» басшысының міндетін атқарушы Жұлдыз Бауыржанқызы.

Сонымен қатар, дәрігерлер, науқастарды үй жағдайында өздігінен ем қабылдамау керек екенін айтады. Себебі ауруханаға түсетін науқастардың көпшілігі үйінде апталап жатып, ауруын асқындырып алғаннан кейін ғана хабарласады екен. Бұл емдеуге аса қиын әрі қауіпті деп дабыл қағады дәрігерлер. Телемедицина орталығының байланыс нөмірлері тәулік бойы демалыссыз жұмыс істейді.

Ұлағат Арғын, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы

Экранда

Байланыс нөмірлері

1312  

300-05-05