Алматыдағы карантиннің басты мақсаты: инфекцияның таралуын тоқтату
Құрметті алматылықтар!
Өздеріңіз білесіздер, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев коронавирустың әлемдік пандемиясына байланысты елде төтенше жағдай жариялады.
Шешім дұрыс. Оқиғаның алдын алу үшін қабылданған.
Төтенше жағдай режимі адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін барлық ресурстарды жұмылдыруға мүмкіндік береді.
Алматы аумағында вирустық қауіп-қатерге қарсы алдын алу шаралары қаңтар айында Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы Қытайда коронавирус індетінің өршуі туралы алғаш хабарлаған сәттен басталды.
2,5 айдың ішінде Алматы әуежайының мемлекеттік шекарасында шұғыл қорғаныс шаралары жүргізілді.
13 наурызда Алматыда COVID-19 вирусының алғашқы жағдайы тіркелді.
Таралу қарқыны жоғары.
17 наурызға дейін Алматыда 11 коронавирус жағдайы тіркелді.
Тұрғындар үшін тез өсіп келе жатқан қауіп бізді жылдам шешім қабылдауға мәжбүр етуде.
Сондықтан мен Президентке және Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияға ҚАЛАДА КАРАНТИН ЕНГІЗУ ТУРАЛЫ ҰСЫНЫС енгіздім.
Бұл шешім бір сағат бұрын қабылданды.
ҚАЛАДА КАРАНТИН 19 НАУРЫЗДА ТҮНГІ САҒАТ 00.00-ДЕ ЕНГІЗІЛЕДІ.
Алматыдағы карантиннің басты мақсаты: инфекцияның таралуын тоқтату.
Міндет – қаланың сыртқы периметрін қатаң бақылауға алу және қала ішінде қатаң карантин режимін енгізу арқылы инфекцияның таралу жолын тоқтату.
Негізгі шаралар:
• Мегаполисте өзін-өзі оқшаулау және үй карантині механизмдері арқылы эпидемияға қарсы ауқымды іс-шараларды жүргізу.
• Көшелерді, тротуарларды жуу және дезинфекциялау арқылы жұқтыру орындарын бұғаттау.
• Қоғамдық орындарда, тұрғын үйлерде санитарлық-эпидемиологиялық дезинфекцияны күшейту және іргелес аумақтарды санитарлық тазалау.
• Азаматтар мен автокөлік құралдарының Алматы қаласы аумағына кіріп-шығуын шектеу.
• Алматы қаласына кіреберістерде 27 блок бекеттерін орнату.
• Блок бекеттерінде Патрульдік полиция полкінің, СОБРдың, «Гранит» полкінің, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық гвардия бөлімшелерінің күштері жұмылдырылады.
• Сонымен бірге, қалаға бірінші қажеттіліктегі тауарларды, азық-түлік өнімдерін, дәрі-дәрмектер мен медициналық өнімдерді, жеке қорғану және гигиена құралдарын әкелу үшін «жасыл дәліз» жүзеге асырылады.
• Карантин кезеңінде:
- балабақшалардың;
- азық-түлік емес сауда орындарының;
- азық-түлік өнімдері мен дәрілік заттарды сататын орындардан басқа, ірі сауда ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысы тоқтатылады.
• Біз тұрғындарға алматылықтардың карантин талаптарын білуі, қаладан уақтылы шығуы және кіруі үшін бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және мессенджерлер арқылы толық және жүйелі түрде ақпараттар беріп отырамыз.
• Коронавирусқа қарсы қалалық штаб туындаған мәселелерді жедел қарап, шұғыл шаралар қабылдайтын болады.
Алматы аумағында шектеу, алдын алу және індетке қарсы шаралардың толық тізбесі жақын арада қала әкімдігінің барлық ресми ақпараттық ресурстарында жарияланады.
Құрметті алматылықтар!
Біздің әрқайсымыз үшін аса жауапты сәт туды.
Карантин режиміне орай мегаполистің бүкіл тіршілігі жаңа ережелердің талаптарына сәйкес қайта құрылады.
Бүгін барлық мемлекеттік мекемелердің қызметшілерін, кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдар басшыларын меншік иесіне қарамай, өз еңбек ұжымдарының қызметін 70% қашықтықтан жүргізуге шақырамын.
Карантин қолайсыздық тудырып, әдеттегі қалыптасқан тіршілік дағдысын бұзуға мәжбүр етеді.
Бұған түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын.
Карантин біздің ортақ қауіпсіздігіміз, қаланың, жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін енгізіледі.
Төтенше жағдайда әрбір қала тұрғынының саналы әрекеті мен қоғамдық тәртібі өте маңызды.
Біздің ұстамдылығымыз бен ынтымақтастығымыз, сенімді іс-әрекетіміз, өзара жанашырлығымыз бен Төтенше жағдай кезіндегі жауапкершілігіміз қаламызды қорғап қалады.
Біз бірге жеңеміз.