Қазақстан Өзбекстанға автобуспен жолаушылар тасымалдауын тоқтатты

18.03.2020 00:34

Қытаймен автомобиль байланысы ақпан айында шектелген болса, Ресейге қатынайтын тұрақты рейстердің саны азайды

Қазақстан Өзбекстан еліне автобуспен жолаушылар тасымалдауын тоқтатты деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматы – Ферғана, Алматы – Нүкіс, Алматы – Ташкент, Алматы – Шыршық, Алматы – Ангрен бағыттағы рейстер уақытша шектеліп, Қырғызстан, Моңғолия мемлекеттерімен автомобиль байланысы үзілді. Ал, Қытайға автобус жолаушыларын 1 жарым ай бұрын тоқтатылса,  Ресейге қоғамдық көліктермен жүзеге асырылатын халықаралық қатынастардағы тұрақты рейстердің саны екі есеге қысқарды.

Коронавирус індеті халықаралық рейстерге шығатын автомобиль байланысына да әсерін тигізбей қоймады. Бүгіннен бастап Қазақстан бірқатар елге автобуспен жолаушылар тасымалдауын тоқтатты. Бұл елдердің тізімінде Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолия бар. Қытаймен автомобиль байланысы ақпан айында шектелген болса, Ресейге қатынайтын тұрақты рейстердің саны азайды.

«Моңғолиямен бізде 1 рейс бар еді, ол тақтап тұр. Менің білуімше, Астана – Баян-Өлке рейсі де тоқтатылды. Ал Өзбекстан мемлекетімен бүгіннен бастап бізде автомобильдік байланыс тоқтатылды», – деді  «Сайран» автобекеті тасымалдау бөлімінің басшысы Ерлан ӘБІЛДАЕВ.

Мақсат – әрбір рейске шығар алдында автобустар осындай дезинфекциядан өтіп, қоғамдық көліктің іші сырты арнайы жуғыш құралдармен толық тазартылуы. Мұндай дезинфекция тек қала арасында қатынайтын автобустарға ғана емес, сонымен қатар, халықаралық рейстегі қоғамдық көліктерге де жасалады

«Бізде санитарлық норма бойынша автовокзалдағы залдың іші мезгіліне 3-4 рет жуылады. Оған керек химиялық құралдардың бәрі бар», – деді «Сайран» автобекеті тасымалдау бөлімінің басшысы Ерлан ӘБІЛДАЕВ.

Жылда наурызға қарсы адам ағылып келіп жататын деген жүргізушілер қаладағы коронавирустың таралуына байланысты қазір жолаушылардың да азайып кеткенін айтады.

«Коронавирус бізге үлкен әсер етіп жатыр. Адамдар қорқып қалған. Біз таңертең рейстен келе сала, автобустың ішін толығымен тазалып, хлормен жуып шығамыз. Жолда адамдарға маска береміз»,  – деді  автобус жүргізушісі Қайрат ҚАЙНАЗАРОВ.

Бұл ретте жолаушылар басқа қалаға жол жүру билеттерінің тапшылығы байқалып, құнының қымбаттағанын айтты.

БЛИЦ:

«Жалпы Үшаралға билет алдым. Ешқандай қымбат емес. Бірақ билет тапшылығы сезіледі. Бағасы көтерілмеген. Бұрынғы бағамен алдым».

«Билет бағасы қымбаттаған. Бұрын Қызылордаға бес жарым мыңға алатынбыз, қазір үстіне екі жарым мың қосылған».

«Өзімнің ауылыма, Үшаралға жол тарттым. 3 жарым мыңға алдым. Аз орын қалған».

Санитарлық-гигиеналық нормалары сақталған «Сайран» бекеті басқа қаладан қатынайтын автобустарға дезинфекция жұмыстарын жүргізіп, санитарлық тазалаудан өтуіне көмек көрсетеді.

Сая Меңдеке, Рашид Шүкірәлиев, "Алматы" телеарнасы