Алматы кәсіпкерлеріне Ashyq қосымшасын пайдалану міндеттелмейді

18.03.2022 23:27

Қазір мегаполис «жасыл» аймақта тұр және науқастар азайған

Almaty.tv

Алматыда бір жыл ішінде вакцинаның толық курсынан 1 миллион 117 мың адам өтті. Алайда иммундау қарқынын тағы да арттыру қажет. Бұл туралы баспасөз отырысында қаланың бас санитар дәрігерінің орынбасары Әсел Қалықова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  


Қазір мегаполис «жасыл» аймақта тұр және науқастар азайған. Соңғы тәулікте 15 алматылық індетке шалдықты. Шаһарда эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына байланысты карантиндік шаралар жеңілдеген еді. Алайда вирусты толық жеңбейінше, босаңсуға болмайды дейді маман.  

«Жұқтыру жағдайларының тәуліктік тіркелуі төмендеді. Бірақ бұл карантиндік шектеулерді елемеуге болады деген сөз емес. Тұрғындардың барлығын екпені белсенді алуға шақырамын. Себебі вакциналық профилактика – жұқпалы және паразиттік ауруларға, соның ішінде коронавирусқа қарсы негізгі қорғаныс шарасы», - деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.  

Ал алматылық кәсіпкерлер енді Ashyq қосымшасын қалауы бойынша пайдалана алады. Бірақ қала «қызыл» аймаққа өтсе, мұндай жеңілдікке рұқсат берілмейді. Бұл туралы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов хабарлады. Дегенмен әзірге тұрғындардың ұялы телефондарынан Ashyq қосымшасын өшірмегені дұрыс. Өйткені «QR» код жүйесін алып тастау жоспарда жоқ екен.  

«Әрбір бизнес субъектісі Ashyq қосымшасын қолдану туралы шешімді өзі қабылдауға құқылы. Сонымен қатар бизнес субъектілері қызметкерлер мен келушілер арасында «жасыл» мәртебе туралы талапты ерікті түрде енгізе алады. Ashyq жобасының қатысушылары «қызыл» аймақта орналасқан өңірлерде өз қызметін уақыт бойынша шектеусіз, бірақ объектілердің толымдылығы бойынша шектеулермен жүзеге асырады», - деді қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов.