Алматыға халықаралық рейспен ұшып келген 288 жолаушы 2 күндік карантинге жіберілген

12.10.2020 20:49

Шетелдік 3 азаматта анықтама болмағандықтан, өз еліне қайтарылған

пресс-служба акима Алматы

Алматы әуежайында халықаралық рейспен ұшып келгендерді қабылдау қалай жүзеге асуда? Шетелдік азаматтар ПТР тестілеуден өткен анықтамасы болмаса, қайда жіберіледі? Жаңа қаулыдағы қатаңдатылған талаптар бойынша жүзеге асып жатқан қазіргі әуежай қызметі жөнінде Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.

Алматы халықаралық әуежайында санитарлық-эпидемиялық шаралар күшейтілгелі бері жолаушылардың денсаулық жағдайы қатаң бақылауға алыныпты. Борт қызметкерлері әуе кемесіндегілердің жай-күйі туралы диспетчерге алдын ала хабарлап отырады. Осыған байланысты жақында әуежайда ауыр халдегі науқасқа медициналық көмек көрсететін қосымша изолятор бөлмесі ашылыпты.

«Бұл жерге ұшақта дене қызуы көтерілген немесе қан қысымы жоғарлап, шұғыл түрде түскен науқастар орналастырылады. Ол туралы ұшақ жерге қонбай тұрып, бізге хабарланады. Негізі қатты науқастар бірден ауруханаға жеткізіледі. Егер қосымша шаралар қажет болса, осындай изоляторда жедел жәрдем келгенше уақытша жатқызылады», – деді «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ бас санитар маманы Мәлік Азнабакиев.

Тексеру барысында, әуежай ішінде жуырда іске қосылған зертхана орталығының дайындығы да ескерілді. Онда кез келген адам тестілеуден өте алады. Ал, шет елден Қазақстанға оралған азаматтар үшін ПТР талдамасының нәтижиесі көрсетілген анықтаманың болуы міндетті.

Халықаралық рейспен ұшып келгендерді санитар мамандары әуе кемесі жерге қона сала күтіп алып, алдымен дене қызуын өлшеп, коронавирусқа тексерілген анықтамасының бар-жоғы қадағаланады. Анықтамалары барлар келу залының оң жақ бөлігіне өтеді. Анықтамасы жоқтар қарама-қарсы беттегі сол жақ бағытқа өтіп, кедендік бақылауда құжаттары тексеріледі. Кейін ол азаматтар қайтадан сыртқа шығарылып, арнайы көліпен уақытша қонақ үйге апарылып, орналастырылады.

Әуежай қызметкерлері тек 9 қазан күні 10 халықаралық рейсті қабылдап, елге оралған 288 жолаушыны 2 күндік карантинге жіберген. Соның ішінде, шетелдік 3 азаматта анықтама болмағандықтан, өз еліне қайтарылыпты. Қазіргі уақытта Қазақстаннан Түркия, Біріккен Араб Әмірлігі, Оңтүстік Корея, Беларусь, Украинаға қатынауға рұқсат бар. Десе де Алматыдан ұшып шығатын жолаушылардан ПТР тесттің бар-жоғы талап етілмейді. Бірақ әрбір азамат баратын елдің карантиндік талаптарын білуі қажет.

«Шетел азаматтары үшін міндетті түрде ПТР сынағынан өткені туралы анықтама болуы қажет. Әйтпесе Қазақстан аумағына кіруге рұқсат етілмейді. Сондай-ақ, анықтамасыз келген өз еліміздің азаматтарының жүктері де терминалға бөлек жеткізіледі. Әрі қарай, олар дереу карантинге жіберіледі. Яғни, анықтамасы барлар мен жоқ азаматтар бір-бірімен қарым-қатынасқа түспейді», – деді «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ баспасөз хатшысы Наталья Соколова.

Ал, топтың әуежай жұмысын бақылауына уақытша қонақ үйдің жай-күйі туралы келіп түскен шағым себеп болған. Қазіргі уақытта қызмет көрсетіп жатқан сол 4 қонақ үйдің жұмысы да алдағы уақытта тексерілмекші.  


«Бүгінгі мониторинг барысында әуежайда барлығы талапқа сай екенін көрдік. Сонымен қатар, әуежайда тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығы бар. Егер шағымдары болса, шет елден келген отандастарымыз 87770098040 нөміріне қоңырау шалуына болады. Сондай-ақ, мониторингілеу тобына да хабарласуға мүмкіндік бар. Біз мәселені шешуге көмектесеміз», – деді ҚР АӨК жанындағы арнайы мониторингтік топ төрағасының орынбасары Рафаэль Гасанов.

Сондай-ақ, әуежайдағы санитариялық тазалыққа баға берілді. Мұнда жиі дезинфекциялық шаралар жүргізіліп, адамдар қолы жетпейтін жерлерге және 10 метр биіктікке арнайы сұйықтық шашылады екен. Ол ауадағы вирустарды жоюға септеседі дейді мамандар. Тек әрбір саналы жолаушы карантин талаптарын қатаң сақтауы қажет.

Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы