89 елде тіркелді: Әлем елдері «омикрон» штамымен қалай күресіп жатыр

Авторское право AP Photo/Lynne Sladky, File
Авторское право AP Photo/Lynne Sladky, File
Корнавирустың бұл түрі «дельта» нұсқасына қарағанда өте жылдам тарайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Омикрон» штамы әлемнің 89 елінде тіркелді. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдеді. Себебі бұл вирус «дельта» нұсқасына қарағанда өте жылдам тарайды. Оны жұқтыру жағдайлары орташа есеппен алғанда, әр үш күн сайын екі еселеніп отыр екен. Сондықтан Еуропадағы бірқатар дамыған мемлекеттердің денсаулық сақтау жүйесіне қауіп төніп тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

      

Нидерланды, Лондон, Ұлыбритания, Германия, Бразилия. Бұл – «омикрон» штамы дендеген мемлекеттердің тізімі. Ең қиыны, бұл елдер тура Жаңа жыл қарсаңында төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болып отыр.  

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, қазір әлемде коронавирусты жұқтыру деңгейі төмендеді. Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, соңғы аптада 4 млн 300-мыңға жуық адам вирусқа шалдыққан. Ал бұған дейін бұл көрсеткіш 4 млн 360 мыңнан асқан еді. Дегенмен Ұлыбритания, Германия, Франция, Ирландия секілді мемлекеттерде пандемияның жаңа толқыны басталады деп болжанып отыр. «Омикрон» штамының салдарынан Нидерланды қатаң локдаун жариялады. Себебі онда тұрғындардың тек 9 пайызы ғана ревакциналанған. Ұлыбритания да жаңа мутациядан зардап шегуде. Мұнда пандемия басталғалы ең жоғарғы антирекорд – тәулігіне 93 мың науқас тіркеліп, медицина қызметкерлері де сырқаттануда. Осыған байланысты тура мереке қарсаңында Лондон билігі төтенше жағдай жариялады.  

«Біз «омикрон» штамының өте жоғары қарқынмен тарап жатқанын білеміз. Жаңа вирусты жұқтырғандар қатары 2-3 күнде еселеп өсіп жатыр. Бір апта ішінде науқастар саны 8 есеге көбейді. Сондықтан мутацияланған штамның жұғу жылдамдығын жүрдек пойызбен салыстыруға болады», – деді Ұлыбритания үкіметінің ковидпен күрес жөніндегі кеңесшісі Стивен Райхер.

Ал вакцинологтар Оңтүстік Африкадан келген штамға қарсы екпенің тиімділігі тек 20 пайыз екенін мәлімдеп отыр. Сондықтан коронавирусқа қарсы вакцинаны әр 6 ай өткен сайын алуға кеңес беруде. Қазақстанда «Омикрон» штамы тіркелмеді. Сондықтан әзірге қатаң локдаун жариялау немесе төтенше жағдай енгізудің қажеттілігі туындап отырған жоқ. Дегенмен отандық иммунологтар алдағы уақытта 32-ден аса мутациясы бар жаңа вирус елде тіркелуі әбден мүмкін дейді.   

«Дельта» вирусы Ресей мемлекетінде тіркелген соң, 2 аптадан кейін Қазақстанда анықталды. Бұл жағдайда да дәл осы құбылыс болуы ықтимал. Себебі қазір көрші елде бұл штамм бар. Бүгінде онда халықтың екпені белсенді алуына байланысты жағдай тұрақталды. Бірақ жағдай Еуропадағыдай ушығып кетуі мүмкін. Қазір бізде маусымдық аурулар ғана өршіп тұр», – деді иммунолог Гаухар Құрманова.

Бүгінде елімізде коронавирусқа шалдыққандар саны азайып келеді. Соңғы тәулікте 379 жағдай анықталды. Сондай-ақ халықты вакциналау да жоспарлы түрде жүріп жатыр. Бүгінде 8 миллион 900 мыңға жуық отандасымыз екпенің толық курсынан өтті.

Одан бөлек, жүкті және бала емізетін әйелдер мен оқушыларды иммундау науқаны да жалғасуда. Қазір америкалық вакцинаны алғандар саны 254 847 адамға жетті. Осы ретте Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус отандық мамандардың ковидпен күрестегі елеуі жетістіктерін ерекше атап өтіп, Қазақстандықтарды тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен құттықтады.

«Мен Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын! Бұл уақыт аралығында Қазақстан экономика саласында үлкен жетістіктерге жетті. Денсаулық сақтау жүйесі де айтарлықтай дамып, халықтың өмір сүру сапасы жақсарды. Сондықтан Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы медицинаның дамуын қолдаймыз. Пандемия біріге жасалған жұмыстың маңызды екенін көрсетті», – деді ДДСҰ Бас директоры Тедрос Гебрейесус.  

Қазір елімізде эпидахуал айтарлықтай жақсарды. «Қызыл» аймақта бірде-бір қала жоқ. Ал «сары» аймақта тек Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары орналасқан. Қалған 14 өңір «жасыл» аймақта тұр.    

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров