Айжан Наурызғалиқызы: вирусты жақын арада жеңетінімізге кәміл сенемін

21.03.2021 22:43

Алдыңғы карантиндік шектеулер мерзімінде кәсіпорындардың жұмысына арнайы рұқсат берілгеннен кейін, қаламыздың бас дәрігерінің қаулысына сәйкес барлық санитарлық нормалардың қатаң сақталуы тексерілді

Фото: t-s.kz

Қазақстандық қант, тағам өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиқызы азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары жұмысын тоқтатпай, керісінше карантин кезінде сұраныс ұлғая түскенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы ақшамы газетіне сілтеме жасап.

«Күллі әлемді жайлаған пандемия кезінде індетпен алдыңғы шепте дәрігерлер күрессе, кейбір сала өкілдері қауіп-қатерге қарамастан күн демей, түн демей жұмыс істеді. Мысалы, алып шаһарды азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары жұмысын тоқтатқан емес. Керісінше карантин кезінде сұраныс ұлғая түсті. Біздің Қазақстандық қант, тағам өңдеу өнеркәсібінің қауымдастығына қант зауыттарынан бастап, дәнді-дақылдарды өңдеумен, көкөністерді сұрыптаумен айналысатын түрлі кәсіпорындар кіреді. Алдыңғы карантиндік шектеулер мерзімінде кәсіпорындардың жұмысына арнайы рұқсат берілгеннен кейін, қаламыздың бас дәрігерінің қаулысына сәйкес барлық санитарлық нормалардың қатаң сақталуы тексерілді. Жұмыскерлердің кірген бойда дене қызуы тексеріліп, дезинфекция жұмыстары уақытылы жүргізіліп отырды. Мұндай сақтық шаралары әлі күнге дейін жалғасуда. Аталған қауіпсіздік шараларын бұлжытпай орындау індеттің кері қайтуына мүмкіндік береді деп ойлаймын. Өкінішке қарай барлық кәсіпорындар заң шеңберінде жұмыс істеген жоқ. Кейбір тамақтану орындары, қызмет көрсету нысандары жасырын түрде қызметтерін жалғастыра берді. Менің айтарым, тек кәсіпорындар ғана емес, жаппай халық болып жауапкершілік танытып, бетпердемізді ұмытпай, карантиндік шараларға жауапсыз қарамасақ, вирусты жақын арада жеңетінімізге кәміл сенемін. Бірлік бар жерде, тірлік бар», – деді Айжан Наурызғалиқызы.