Алматылықтардан адамдар көп жиналатын орындарға бармауды, қарт адамдарға үйінен шықпауды сұраймыз – әкімдік

09.11.2020 22:44

Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырудың өсуі байқалады

Фото Павла Михеева

Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары Берік Солтанбаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында мониторингтік топтардың шектеу шараларының талаптарын сақтау жөніндегі жұмысы туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырудың өсуі байқалады. Осыған байланысты, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша карантин режимі мен санитарлық-эпидемиялық талаптардың бұзылуын анықтау бойынша мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілді.

Медеу ауданы аумағында аудан әкімдігі, жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері, «Атамекен» ҰКП және Nur Otan партиясының өкілдерінен құралған 4 мобильді топ жұмыс істейді. Мониторингтік топтың жұмысы барысында барлығы 472 объект тексерілді. Тексеру кезінде 421 нысан жабылды. Келушілердің болу уақыты тоқтатылды және 51 мекемеден қонақтар шығарылды.

Жиі заң бұзушылықтар келесі нысандардан анықталған: «The Artist», «Небо», «Туыскан бар», «Бар танцы», «Взлетка», «Синий FunToMass», «Bla Bla Bar» түнгі клубтары, «Manana» мейрамханасы, «Dolcetto» дәмханасы, «Hookah Dreams» лаундж-бары, «ЧайLa kitchen» мейрамханасы, «Maui» дәмханасы, «Mr. Donerci» дәмханасы, «Дом» мекемесі.

Сонымен қатар, тыйым салынғанына қарамастан, жаппай көпшілік іс-шараларды өткізу жалғасуда. Мысалы, а. ж. 17 қазанында кешкі уақытта «Қазақстан» қонақ үйіндегі «Grand Ballroom Almaty» банкет залында 80 адамға арналған үйлену тойының өткізіліп жатқаны анықталып, тоқтатылды.

«6-8 қараша аралығында 13 мобильді топ құрылып, күшейтілген карантин режимі жүргізілді. Екі күннің ішінде барлығы 104 нысан тексерілді, тексеру кезінде 93 нысан жабылды, 11 нысан бойынша қонақтар мекемелерден шығарылды», – деп атап өтті Б. Солтанбаев.

Күшейтілген мониторинг барысында келесідей бұзушылықтар анықталды: белгіленген жұмыс режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтамау, банкеттер мен іс-шаралар өткізу.

Хабарланғандай, барлық анықталған бұзушылықтар бойынша карантиндік іс-шараларды қатаң сақтау және бұзушылықтарды жою қажеттілігі туралы тиісті түсініктемелер берілді, сондай-ақ материалдарды емханаға беру үшін түсініктемелер алынды.

«Коронавирус пандемиясының таралуы бүкіл әлем бойынша күшеюде. Біз тұрғындарды аса қажеттілік туындамаса, адамдар көп жиналатын орындарға бармауға, әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырамыз, карантин біткен жоқ, ол жалғасуда. Карантин күшейтілуіне қайта оралмас үшін біз маска тағып, басқа да қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз. Сонымен бірге, үлкен буынды, біздің әжелеріміз бен аталарымызды үйлерінен шықпауға шақырамыз», – дей келе Б. Солтанбаев тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.