Қазақстан коронавирус жұқтырудың төрт толқынынан өтті – Алексей Цой

11.10.2021 22:44

Соңғы рет індет жұқтыру деңгейі артқанда тәулігіне 7800 жағдай тіркелген

Almaty.tv

Қазақстан коронавирусты жұқтырудың төрт толқынынан өтті. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. Оның сөзінше, соңғы рет індет жұқтыру деңгейі артқанда тәулігіне 7 800 жағдай тіркелген. Бас дәрігер қауіпті індеттің алдын алу бойынша барлық іс-шаралар қабылданып жатыр дегенімен, депутаттар санитариялық-эпидемиологиялық қызметте көптеген кемшіліктер орын алғанын алға тартты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Денсаулық сақтау министрінің айтуы бойынша, коронавирустың төрт толқынына төтеп беріппіз. Осы аралықта бірқатар штамдарға 1407 сынама жасалған. Наурызда «британдық» Alpha штамм, «оңтүстікафрикалық» Beta штамм, маусымда «үнділік» Delta штамм, тамызда «нигериялық» Eta штамм анықталды. Қазір SARS-CoV-2 вирусының түрлі нұсқасының таралуын анықтау мен мониторингілеу жұмыстары жалғасып жатыр.

«Қазіргі кезде коронавирус инфекциясын жұқтыру бойынша эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға қол жеткізілді. Тәулігіне 2 мыңға дейін жағдай тіркеліп отыр. Бұл өз кезегінде инфекцияның таралуына әсер етіп, 1 тамыздан бері салыстырғанда репродуктивті көрсеткіш 1,2 есеге төмендеді. КВИ бойынша эпидахуалдың тұрақтануы ауруханаға жатқызу деңгейінің төмендеуін көрсетті. Еліміз бойынша инфекциялық орындар 36 пайызға, реанимациялық орындар 33 пайызға толы», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Қазір Қазақстан «сары» аймақта тұр. Дегенмен босаңсуға болмайды. Сондықтан әлем елдері вакцинаның көмегімен адам тағдырын сақтап қалуға айрықша көңіл бөліп отыр. Ал бізде Спутник V, QazVac, Hayat-Vax, «КоронаВак» және «Синофарм» сынды бес түрлі вакцина қолжетімді. Осы уақытқа дейін еліміз бойынша қамтылуы тиіс контингенттің 78 пайызы немесе халық санының 41 пайызы бірінші компонентпен егіліпті. Сонымен қатар, екінші компонентті вакцина алуы тиіс тұрғындардың 69 пайызы салдырған. Ал Pfizer вакцинасы егілетін адамдардың тізімі кеңейтілуі мүмкін. Аталған екпе бастапқы кезеңде 12 жастан бастап балаларға және жүкті әйелдерге арналады делінген еді.

«Бүгінгі күні біздің алдымызда халықты вакциналау міндеті тұр. Дәл осы ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы бізге қалыпты өмір салтын, ал экономикамызға тұрақтылықты қайтаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің басқа бағыттары, оның ішінде қызметтің жұмысына қатысты мәселелер де осы кезеңде назардан тыс қалды. Мәселен, аса қауіпті инфекциялар, вакцинамен еңсерілетін аурулар, жұмыстың цифрлық форматын қамтамасыз ету кейінгі орынға ысырылды», – деді ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева.

Алексей Цой жалған вакцина паспорттары мен ПТР-тесттер жасайтын әділетсіз дәрігерлер мен осы салада бизнес жасап жүрген делдалдардан тазартуды сұрады. Оның айтуынша, 90-нан астам қылмыстық іс ашылған. Сот шешімі шыққан бойда бұл жалған төлқұжаттардың барлығы мәліметтер базасынан жойылады.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан