«Қан құйылды»: Шымкентте сауда орталығында босанған ананың жағдайы туралы айтылды

11.10.2021 23:10

Кинотеатр өкілдеріне жедел жәрдем қызметкерлері телефон арқылы нұсқаулық беріп отырыпты

Шымкентте 27 жастағы әйел сауда орталығында босанды. Өзін нашар сезінген жас келіншек мекеме қызметкерлерін көмекке шақырған. Олар алғашында абдырап қалғанымен, жас анаға дер кезінде көмек көрсеткен. Соның нәтижесінде киім ауыстыратын бөлмеде аман-есен қыз бала дүниеге келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Сол күні сауда орталығының қызметкерлері мамандықтарын өзгертуге мәжбүр болды. Алғашында не істерін білмей қалған мекеме өкілдері дереу жедел-жәрдем шақырған. Бірақ олар жетіп үлгермепті. Санаулы минуттардан кейін, орталық қызметкерлерінің көмегімен дүниеге шыр етіп қыз бала келді. Аяғы ауыр келіншектің өзі де бұлай тез босанамын деп ойламаған көрінеді.

«Осы жерде босанды. Күтпеген жағдай болды. Осындай жағдай болатынын қыздың өзі де білмеген шығар. Кішкене қобалжып тұрмыз, әрине. Күтпеген жағдайдан аздап есімізді жинай алмай қалдық», – деді сауда орталығының HR менеджері Айгүл Тәшбенбетова.

Алғашқы көмек көрсеткен кинотеатр өкілдеріне жедел жәрдем қызметкерлері телефон арқылы нұсқаулық беріп отырыпты. Кейіннен киім ауыстыратын бөлмеде өмірге келген нәресте тез арада қалалық перниталдық орталыққа жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, ана мен сәбидің жағдайы жақсы, баланың салмағы 3 келі, бойы 54 см болған.

«Қалалық перзентханада босанған әйелдің қан мөлшері төмен болуына байланысты әйелге қан құйылды. Қазір де анасы мен баласының жағдайы жақсы, денсаулығының жақсаруына байланысты дәрігерлер ертең, яғни 12 қазан күні перзентханадан шығаруды жоспарлап отыр», – деді қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нахыпқызы.

Айта кетейік, бұл қаладағы сауда үйінде дүниеге келген екінші сәби. 2019 жылы 23 жастағы Әйгерім есімді келіншек те ойын-сауық орталығында босанған еді.