Алматыда 160 кәсіпкер Ashyq жүйесімен жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылды
Алматыда 160 кәсіпкер Ashyq жүйесімен жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылды. Оған себеп бизнес нысан иелерінің қосымшасы бола тұра, келушілердің мәртебесін дұрыс тексермеуі. Ashyq жүйесі қаладағы кәсіпкерлік мекемелердің пандемияға қарамастан табыс көзін жоғалтпай, жұмысын жалғастыруы үшін арнайы енгізілген еді. Мамандар мұндай жауапкершілігі төмен кәсіпкерлер жалпы шаһар жұртының өміріне қауіп төндіреді деп отыр. Себебі қалада коронавирустың әдеттегі түрімен қоса оның аса қатерлі түрі «Дельта» штаммы да күн сайын анықталып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл видео қаладағы ресторандардың бірінде түсірілген. Наурызбай ауданындағы тойханаларлың бірінде 150 адамға ас берілген. Жиналғандардың ешбірі тіпті қарапайым карантиндік ережелерді ескермепті. Жергілікті әкімдіктің өкілдері бұл нысанның үнемі ескертулерге бей-жай қарайтынын айтады. Кәсіпкер салынған айыппұлдарды төлеп, заңсыз әрекеттерін жалғастыра береді дейді олар.
«Біз оларды үнемі тексеріп, жаупкершілікке тартып жүрміз, бірақ нәтиже жоқ. Олар айыппұл төлеп, жұмысын жалғастыра береді. Біз материалдардың бәрін аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жібереміз, содан кейін олар өздері шешім қабылдайды», – деді Наурызбай ауданы кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Жандос Әбішкенов.
Дәрігерлер алматылықтарға шаһарда аса қауіпті әрі жылдам тарайтын «дельта» штаммды жұқтырғандардың саны көбейіп келе жатқанын айтып дабыл қағуда. COVID-19-дың бұл мутациясы өте ауыр өтеді және адам ағзасына үлкен залал келтіреді. Осы ретте қоғам белсенділері де кәсіпкерлерден қызмет көрсету кезінде барынша мұқият болуды сұрайды.
«Ashyq жүйесі бола тұра, арам жолдарға барудың не керегі бар. Басқа астыртын амалдарға барып, өз басыңды қатерге тігіп, өз келушілеріне зиян келтірудің қажеті жоқ. Бұл қосымша бизнестің заңды жұмыс істеуі үшін енгізілді. Қосымшаның арқасында кәсіпкерлер де, мекемеге келушілер де алаңсыз жүреді деп ойлаймын», – деді қалалық мәслихаттың депутаты Алтынай Көбеева.
Жүйеге енген мекемелердің қосымшамен қалай жұмыс істеп жатқанын бақылау мақсатында күнделікті рейд шаралары да өтіп жатыр. Онда қызметкердің келушіні нысанға кіргізу барысы тексеріледі.
«Кешегі күннен бастап бірнеше базар мен сауда үйі ерікті түрде Ashyq жүйесіне енді. Бұл дәл осы бағытта жұмыс істейтін бүкіл бизнес нысанды жүйеге қосу алгоритмін жасау үшін енгізілген. Яғни, оған бүкіл сауда нысаны жатады. Сондай-ақ, қалалық әкімдік, «Атамекен» қызметкерлері және басқа да органдардың тексерісі өтті», – деді «Атамекен» ҰКП Медеу аудандық филиалының директоры Самал Урасаева.
Қазір қала бойынша Ashyq жүйесінде 2300-ден аса нысан бар. Олардың қатарына енді базарлар мен сауда орталықтары да қосылып жатыр. Мәселен, Көк базарға да енді келушілер ұялы қосымшаның көмегімен кіре алады.
«Әзірге ешқандай заңбұзушылық болған жоқ. Базардың ішке кіру тәртібін түсінбей жатқан тұрғындарға жүйенің қалай жұмыс істейтінін көрсетіп, қосымшаны орнатуға көмектесіп жатырмыз», – деді «Көк базар» ашық алаңының жетекші менеджері Қарлығаш Қанапиянова.
Базарға кіру үшін тұрғының ашық жүйесі орнатылған смартфоны болуы қажет. Дегенмен кейбір қала тұрғындары мен зейнеткерлердің смартфоны жоқ. Бұл топтың өзімен бірге жеке куәлігі болса жеткілікті. Базар қызметкерлері келушінің құжатындағы жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы оның қосымшадағы статусын анықтап береді.
Қалада Ashyq жүйесі енгізілгелі бері «қызыл» статусты 710 адам, ал сары статуспен 186 тұрғын анықталған. Сондай-ақ, 2 апталық үй карантинінде болуға тиіс 22 алматылықта кәсіпкерлік нысандарға кірмек болғаны үшін айыппұл арқалады.
Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы