Базар қызметкерлерінің арасында коронавирус індетін жұқтырған 20 адам тіркелген
Алматыда санитарлық талаптарды сақтамағаны үшін Көк базарға 620 АЕК көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешіміне сәйкес, «Компания «Достар-Коммерц» ЖШС (Көк базар) 620 АЕК (1 722 360 тг) көлемінде айыппұл салынып, қызметі 1 айға тоқтатылды.
Алматы қаласының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметтері бойынша 3 маусымнан бері COVID-19 жұқтыру деңгейі артқан.Осыған байланысты, коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау және қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша жан-жақты шаралар қабылдануда.
«Маусым айында азаматтардың өздерінің жүгіну және ұйымдар арасында ошақтардың пайда болуы есебінен ауру деңгейінің өскені байқалады. СЭС талаптарының бұзуына байланысты Көк базар да «Рахат» кондитерлік фабрикасы сияқты жабылып, айыппұл салынды. Біздің қазыргі міндетіміз, ұйымдардың өздері бүгінгі таңда азаматтардың денсаулығы қымбат екенін түсінуілері үшін шаралар қабылдау», — деп атап өтті Алматы қаласы бойынша Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы – Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-брифинг барысында.
«Рахат» АҚ кондитерлік фабрикасы қызметкерлерінің арасында COVID-19 оң нәтижелерінің тіркелуіне байланысты фабрика өз қызметін 24 маусымға дейін өз еркімен тоқтатты.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 21 мамырында Бас мемлекеттік санитар дәрігердің басшылығымен кәсіпкерлік субъектілерінің санитарлық нормаларды сақтауын бақылау бойынша мониторинтік топтардың жұмысы барысында Көк базар аумағында жұмысшылар мен сатушылар үшін байланыссыз термометрияның болмауы сынды бұзушылықтар анықталды. Келушілердің әлеуметтік қашықтық сақтауы үшін арнайы белгілер орнатылмаған. Анықталған тәртіпбұзушылықтар бойынша базардың басшылығына оларды жою ұсынысы жасалды. Алайда көрсетілген тәртіпбұзушылықтар жойылмағандығы ағымдағы жылдың 12 маусымында қайта жүргізілген тексеру барысында анықталды.
Бұдан бөлек, «Компания Достар-Коммерц» базарының қызметкерлері арасында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 20 оқиғасы тіркелуіне және 1 адам өлімінің тәркелуіне байланысты ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабының 6 тармағына сәйкес жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Жоспардан тыс тексеру нәтижесі бойынша жұмысшылар мен сатушылар үшін байланыссыз термометрияның жоқтығы, 1 метрлік әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы, белгілердің жоқтығы, жеке қорғаныс құралдаын дұрыс пайдаланбау, сапасыз дезинфекциялық құралдарды пайдалану, нысанның жұмысы үшін рұқсат етілген режимнің сақталмауы бойынша бұзушылықтар анықталды.