Әр жағдай бойынша эпидемиологиялық тергеу жүргізіледі
Қазақстанда 28 медициналық қызметкер коронавирус жұқтырған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Карантин нысандарындағы жағдайларда жұмыс істеген 28 медициналық қызметкер коронавирус жұқтырған. Әр жағдай бойынша эпидемиологиялық тергеу жүргізіледі, себебі анықталады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.
Министр барлық медициналық қызметкерлер жалақысына үстемеақы алады деп сендірді. Ол коронавирус жұқтыру жағдайына да тоқталды. Індетті жұтыру әсіресе Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында көп екенін жеткізді. Айтуынша, бүгінге дейін 29 адам жазылып ауруханадан шығарылған.
«Қазіргі күнде 11 науқастың жағдайы қиын болып саналады. Олар интенсивті реанимация бөлімдерінде ем қабылдап жатыр. 68 науқастың жағдайы орташа, 341 науқастың жағдайы жеңіл деп саналады немесе жалпы симптомсыз науқастар. Осы науқастармен байланыста болған 13 467 адам анықталған. Олардың арасында 442 азамат шетелге шығып кеткен. Қалған 13025 азаматтың 96,7 пайызы табылып, стационарда немесе үй изоляциясында», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.