Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров медицина қызметкерлерінің коронавирус инфекциясын жұқтыруымен байланысты жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды Almaty.tv Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін медицина қызметкерлері арасында коронавирус инфекциясын жұқтыру фактілері туралы хабарланған болатын.
Денсаулық сақтау вице-министрінің айтуынша, бүгін осы жағдай бойынша жұмыс комиссиясы құрылып, қызметтік тексеру жүргізілуде.
Оған қоса, Қ. Надыров Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының бас дәрігерін жұмыстан босату туралы жағдайға түсініктеме берді. Медициналық ұйымның басшысы – қоғамдық денсаулық басқармасының құзырындағы штаттық бірлік.
«Менің білуімше, бас дәрігер өз еркімен өтініш жазды. Біз сіздермен құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Еңбек кодексін де, мемлекеттік қызметкерге деген қарым-қатынасты да ешкім алып тастаған жоқ. Сондықтан, егер біреуде қандай да бір сұрақ туындаған болатын болса, біз оларды құқықтық алаңда қарастыруымыз керек», – деп түсіндірді ол.
Медицина қызметкерлерінің инфекция жұқтыруы мүмкін деген себептің бірі – инфекция науқастан дәрігерге немесе дәрігерден науқасқа берілген болуы керек. Эпидемиолог мамандардың айтуынша, медициналық ұйымдар қауіп-қатер аймағында жұмыс істейтіндіктен, ауруханаішілік инфекцияның берілу жағдайының болмауы мүмкін емес.
«Орын алған жағдайлар, өкінішке орай, медицина қызметкерлері арқылы да берілуі мүмкін. Немесе керісінше, егер эпидемиология нормалары сақталмай, медициналық ұйым ішіндегі логистиканың бұзылуы салдарынан болуы да ғажап емес. Сондықтан бұл жәйттерге сабырмен және түсіністікпен қарау керек. Біздің міндетіміз – орын алған жағдайдың себебі мен салдарын табу. Тағы да айтайын, бұл жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің жеке бақылауында», – деді Қ. Надыров.
Қорытындылай келе, Қ. Надыров медициналық ұйымдарда қызметкерлердің санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын сақтауына бақылау жүргізілетінін атап өтті. Госпиталь ішіндегі қауіпсіздікті бақылауды сақтау – бұл эпидемия мен пандемия кезеңіндегі негізгі талаптардың бірі – деді ол.