Елімізде осындай 82 мың қазақстандық бар
«Әрбір дені сау, саналы азамат вакцинаны өзі сатып алуы тиіс». Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов осылай деді. Ол екпе қатер тобындағы адамдарға ғана тегін берілетінін еске сала кетті. Елімізде осындай 82 мың қазақстандық бар екен.
«Дені сау, жұмыс істеп жүрген азамат өзін-өзі қамтуы керек. Вакцинаны да өзі сатып алуы тиіс. Бұл менің жеке пікірім. Көптеген саналы азамат осыған келісуі керек деп ойлаймын», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.
Ресми өкілге журналистер тарапынан жабық сауда үйлеріне баруға болады, ал ашық ауадағы тауларға неліктен баруға болмайды деген сауал қойылды. Айта кетейік, карантин алынғаннан кейін тауларға үш адамнан көп баруға болмайды деген шешім қабылданды. Ал демалыс күндері онда баруға мүлдем тыйым салынып отыр.
«Бұл біздің санитарлық қызметттің тәжірибесінің нәтижесі. Егер тауларды, мәселен, Алматы тауларын немесе еліміздегі басқа да табиғи ресурстарды қолжетімді етсек, адамдар ол жерлерде көптеп жиналады, ішімдік ішеді. Бұл коронавирус инфекциясының таралуына қосымша қатер туғызады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.