Ал Алматы ауруханаларына күн сайын коронавируспен 100-ден астам науқас түседі. Бұл туралы бүгін қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Қамалжан Надыров хабарлады. Вирустың қауіптілігі сол, қазір ел бойынша оны симптомсыз жұқтырғандар көбейген. Яғни, адамның еш жері ауырмауы мүмкін. Бірақ оның ағзасында вирус бар. Мұндай жағдайда адам қалай сақтану қажет? Симптомсыз аурудың белгілері қандай болады? Ұлағат Арғын айтып береді.
Алматыда соңғы күндері ауруханаларға күн сайын 100-ден астам пациент түсе бастаған. Ал қаладағы клиника тек 200-300 адамды қабылдауға қауқарлы. Сәйкесінше, барлық науқасты ауруханаға жатқызып емдеу үшін әр үш күн сайын инфекциялық аурухана ашу қажет. «Бұл – мүмкін емес», – деді қаланың бас дәрігері Қамалжан Надыров. Бүгінгі таңда қалада COVID-19 вирусын жұқтырған науқастарды емдеу үшін 10 емхана жұмыс істеп тұр.
«Қазір 1300-ден астам пациент ем қабылдап жатыр. Қолданыстағы клиникаларды коронавирусты емдеу үшін қайта құру мүмкін емес. Күн сайын қалада 2500-ден астам төтенше жағдай орын алады. Әңгіме тек бос төсек-орны туралы ғана емес, сонымен бірге емделушілермен жұмыс істеуге дайын медициналық топтар туралы болып отыр», - деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан НАДЫРОВ.
Бүгінгі күні елімізде індет жұқтырған науқастардың 77 пайызы симптомсыз ауырады. Вирус дендеген шақта қорқыныштысы да осы дейді. Ал ауру белгілері болмаған адам тасымалдаушы болуы мүмкін. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Алмас Амангелді де барынша сақтық шараларын сақтағанмен, індеттің ілмегіне қалай ілінгенін білмейді.
«Қазір «мен ауру емеспін, мені неге ұстап отыр?» деп қаншама адамның шағымданып жатқанын көреміз. Оларда вирустың симптомсыз түрі бар. Дәрігерлер ауырмаған адамды ауырдың деп ұстап отыратын ақымақ емес қой. Олар өздерінде вирус бар екенін білмейді», - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Алмас АМАНГЕЛДІ.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева өзінің фейсбуктегі парақшасында симптомсыз вирус жұқтырғандар үшін негізгі қағидаларды атап көрсетті. Ең бірінші ескеретін жайт, үй карантинінде емделіп жатқан науқас отбасы мүшелерімен байланыс жасамауы қажет. Сонымен бірге үйде 5 жасқа дейінгі балалар және 65 жастан асқан егде адамдар мен жүкті әйелдер болмауы тиіс. Адам ағзасындағы симптомсыз вирус кез келген уақытта өршіп кетуі де ықтимал екен. Сондықтан дене қызуы көтерілген кезде бірден жедел жәрдемге хабарласуы керек.
Симптомсыз вирус жұқтырғандар мына талаптарды сақтауы керек:
-Үй карантинінде емделіп жатқан науқас отбасы мүшелерімен байланыста болмауы керек;
- Жеке дәретханасы бар бөлмеге оқшаулану керек;
-Үйде 5 жасқа дейінгі балалар, 65 жастан асқан егде адамдар, жүкті әйелдер, өкпенің немесе бүйректің созылмалы науқастығы бар адамдар болмауы керек;
-Түшкіргенде, жөтелгенде ауыз бен мұрынға бір рет қолданатын қол орамал пайдалану керек;
-Температура немесе әлсіздік белгілері байқалған кезде бірден жедел-жәрдемге хабарласу қажет.
Симптомсыз вирус тасымалдаушы шамамен 10 күн ішінде ауруынан айығып шығуы мүмкін. Алайда 10 күндік үй карантинінен кейін науқас ПТР-тест тапсыруы қажет. Ары қарайғы жағдай тест сынамасынан кейін белгілі болады.
Ескере кететін жайт, вирус адамда иммунитетіне қарай 30 күннен 70 күнге дейін сақталуы мүмкін.
Ұлағат Арғын, «Алматы» телеарнасы