Алматы «қызыл» аймақта: «Ashyq» пилоттық жобасын қолданатын объектілер уақыт шектеуінен аспай, жұмысын жалғастыра береді

11.03.2021 00:23

Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы Алматының «қызыл» аймаққа өткенін көрсетті

Алматы «қызыл» аймаққа кірген соң сәйкесінше, қауіптілік жоғары деген сөз. Кез келген уақытта, кез келген жерде ауру жұқтыруыңыз әбден мүмкін. Ал, ол үшін қалай сақтану керек? Нақты қайда бармаған абзал? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы айтсын.

Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы Алматының «қызыл» аймаққа өткенін көрсетті. Мамандардың айтуынша, бұл алдын-ала болжанған жағдай. Себебі ұзақ уақыт бойы шаһар сары аймақта болған. Бұл – кәсіпкерлердің ережеге бағынбауы мен алматылықтардың немқұрайлылық танытуы салдарынан болып отыр дейді. Өйткені ауруды жұқтырғандардың 40%-ы 20-39 жастағылар және тек 20%-ы 39-50 жастағылар тіркелген. Яғни жастардың адам көп шоғырланатын жерлерде індеттің ілмегіне ілігу ықтималдылығы жоғары.

«Қазір Алматы қаласының бас санитарлық дәрігерінің қаулысы әзірленіп жатыр. Онда шағын және орта бизнес өкілдерінің жұмыс уақыты, офистердің қашықтан жұмыс істеу форматына ауысуы туралы ақпарат жарияланады. «Ashyq» пилоттық жобасын қолданатын кәсіпкерлік объектілер уақыт шектеуінен аспай жұмысын жалғастыра береді. Ал оқушылар осы тоқсанды карантин шараларын қатаң сақтай отырып, мектепті аяқтайды деп күтілуде. Алдағы жағдай тұрғындардың өзіне тікелей байланысты», – деді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов.

Жаңадан тіркелген жағдайлардың 23%-ы сауда орталықтары мен сауда үйлеріне, 22%-ы қоғамдық көліктерден жұқтырған. Осыдан кейін қаладағы тексеріс жұмыстары күшейтілмек. Ал, 1 наурыздан бастап мониторингтік топтар 800-ге жуық нысанға барған. Олардың 67-сінде карантиндік шаралардың бұзылғаны анықталды. Сондай-ақ заңды және жеке тұлғаларға 8,2 млн теңгеден астам сомаға 100-ден астам әкімшілік хаттама толтырылды. Ал, карантиндік шараларды жүйелі түрде бұзғаны үшін 9 материалдың ісі сотқа жөнелтілді. Мұндай қатаң тексеріс жұмыстарымен қатар әрбір қала тұрғыны шаһардағы эпидахуалдың тұрақтануына жауапты екенін сезінуі тиіс. Демек, алматылықтар жауапкершілік танытса ғана, қалыпты өмірге тезірек оралуға мүмкіндік бар дейді мамандар.

«Сақтансаң сақтармын» дейді ғой. Сол сияқты сақтану керек. Қазір дүние жүзінде солай болып жатыр ғой, тек қана бізде емес. Енді біз осыған үлес қосуымыз керек. Жылдамырақ «жасыл» аймаққа шығу үшін бар күшімізді салайық», – деді қала тұрғыны Жамал Ешенғалиева.

«Сақтану керек. Карантин бұзбау керек. Сақтану  керек, мысалы маска тағып», – деді қала тұрғыны Ерлан Ыдырысов.

«Сақтықта қорлық жоқ. Сол маска тағып жүру керек. Сосын адам көп жерде жүрмеуге тырысу керек. Дезинфекциямен көбірек айналысу керек деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Меңтай Мәуленжанова.

Айта кету керек, өткен тәулікте мегаполисте коронавирус инфекциясын жұқтырудың 160 жаңа жағдайы тіркелген. Ал R - сырқаттанушылық көрсеткіші 1,175 болған екен.

Жанар Ғаниқызы, Сағынғали Мұңайтпасов, Әрсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы

ГРАФИКА-1:

1-наурыздан бері:

800-ге жуық нысан тексерілді;

67 нысанның карантиндік шараларды бұзғаны анықталды;

Заңды және жеке тұлғаларға 8,2 млн. тг. сомасына100 хаттама толтырылған;

9 материалдың ісі сотқа жөнелтілді.