Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-сұхбат барысында №4 Қалалық емхананың бас дәрігері Зухра Омарова медициналық оңалту орталығында кардиология, неврология және нейрохирургия, травматология, ортопедия бағыттары бойынша 3 кезеңнен тұратын амбулаторлық оңалту жүргізілетінін хабарлады. Соның ішінде, перинаталдық зақымдану салдарынан орталық нерв жүйесі зақымданған балаларға қызмет көрсетіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Пациенттерді жалпы тәжірибедегі учаскелік дәрігердің жолдамасы бойынша МӘМС және амбулаторлы-емханалық көмек аясында қабылдайды.
Қазіргі уақытта коронавируспен ауырғандар үшін белсенді түрде оңалту жүргізілуде: оксигенотерапия, арнайы дрнажды массаж, тыныс алу гимнастикасының белгілі техникалары, емдік дене шынықтыру. Сонымен бірге, психологиялық және әлеуметтік бейімдеу көмегі көрсетіледі.
«Бронх-өкпелік жүйе ғана емес, сондай-ақ, жүрек-қан тамыры жүйесіне зақым келгеннен кейін мамандар тек тыныс алумен ғана емес, бүкіл ағзамен біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейді. Орталықта қалпына келтіру медицина дәрігері, реабилитолог, кинезитерапевт, эрготерапевт, дипломды ине терапевті, логопед-дефектолог, психологтар, әлеуметтік қызметкер, массаж жасаушы маман, емдік гимнастика және тыныс алу гимнастикасы бойынша инструкторлар қызмет етеді. Сонымен бірге, физиотерапия, парафинотерпия, ине терапиясы, галотерапия, яғни, тұзды шахта жасалады», – деді бас дәрігер З. Омарова.
Пассивті және активті механикалық терапия жүргізу үшін аппараттар бар, онда жарақат алған, мидың қан айналымы бұзылған пациенттер емделеді. Мысалы, иық буындарының, жамбас, тізе, табан буындарының пассивті аппараттары. Белсенді механикалық терапия үшін қосымша инвентарь, балалар және ересектер вертикализаторлары бар. Эрготерпия жүргізіп, ұсақ моторика дағдыларын қалпына келтіру үшін арнайы эргостолдар бар.
Бас дәрігер оңалту қызметтері амбулаторлы түрде және телемедициналық және ақпараттық технологияларды қолдану арқылы көрсетілетінін атап өтті.
2019 жылы емханада оңалту бағдарламасынан 712 пациент (2848 процедура) өткен. 2020 жылы – 1457 пациент (5340 процедура). Қазіргі уақытта коронавирустан кейін қалпына келтіретін оңалту курстарынан 67 адам өтуде. Орташа есеппен оңалту курсы 10-20 күнге жалғасады.