|
24.09.2020 | 18:49
3042

Коронавирустың жаңа толқынында 162 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін

Министр еңбек нарығында алдағы жылдары туындайтын тағы бір мәселені атады

Коронавирустың жаңа толқынында 162 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін Almaty.tv

Коронавирустың жаңа толқынында 162 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Ол туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Мәжілісте өткен Үкімет отырысында мәлімдеді. Сөзінше, қатаң шектеу шаралары қабылданса, 2 млн-нан астам адам қолдауға мұқтаж болуы ықтимал. Ал, негізінен ауыл шаруашылығы, құрылыс, өндіріс және денсаулық сақтау салаларында еңбек ететін адамдар жұмысын сақтап қалады деген болжам жасалуда. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.

Депутаттар алдында есеп берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов коронавирустың екінші толқыны  болса, 2,5 млн адам қашықтан орындалатын жұмыс режиміне ауысуы мүмкін деді. 2 млн адамның жұмыс уақыты қысқарып, олар ақылы немесе басым бөлігі ақысыз демалысқа шығарылуы ықтимал. Бұл – бірінші кезекте сауда, көлік, тұтыну және тамақтану қызметтері саласындағы жұмысшылар. Бағалау бойынша 162 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Сонымен қатар, министр еңбек нарығында алдағы жылдары туындайтын тағы бір мәселені атады.  

«Біз алдағы 5 жылға талдау жасап көрдік. Жастардың еңбек нарығына жыл сайынғы ағыны - 2025 жылға қарай 256 мың адамға дейін өседі деп боолжануда және жалпы еңбекке қабілетті халықтың саны 12,1 млн адамға жетеді деп күтілуде. Егер тиісті шаралар қабылданбаса, 2022 жылдан бастап жұмыс орындарын құру өсімі, құрылған мен жойылатын жұмыс орындарының айырмашылығын айтамыз, халықты жұмыспен қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз болады. Сөйтіп, тапшылық 87 мыңға дейін баруы мүмкін», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Депутаттар «Еңбек» бағдарламасы аясында қоныс аударушылардың көшіп барған өңірлеріне тезірек бейімделуіне бюрократиялық тосқауылдар кері әсерін тигізіп отырғанын айтты. Мәжілісмен Кәрібай Мұсырмынның айтуына қарағанда, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары тұрғындары санының азаю үрдісі әлі  де жалғасуда. Мәселен, солтүстікқазақстандықтардың саны соңғы 20 жыл ішінде 160 мың адамға азайған. Өңірге көшіп келушілерден көшіп кетушілер көп.

«Бізге қоныс аударушылардан алдын ала уәде етілген жалақының мөлшері іс жүзінде әлде қайда аз болып шыққандығы туралы шағымдар түсіп тұрады. Бұған қоса қоныс аударушыларды қабылдау туралы жалған құжат жасап, мемлекет қаржысын жымқыру фактілері әшкереленіп жатыр. Осыған орай қабылдаушы өңірдегі жұмыс берушілердің қоныс аударушыларды қабылдауына және шарттық міндеттемелерін орындауына жүйелі мониторинг жүргізген жөн. Бұдан бөлек, қоныс аударушылар өз отбасыларына мемлекеттік бюджеттен бөлінетін материалдық көмек қаржысын көшіп барған өңірлерінде тұрақты тіркеуге тұрмайынша ала алмайтынына шағымданып жатқанын айтты. Мұның өзі олардың тіркелуіне қажетті тұрғын-жайды сатып алуын қиындатып жіберген парадокс жағдай болып шықты», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман.

Үкімет сағатында ауыл кәсіпкерлеріне кепілсіз несие беру тетігі енгізілетіні белгілі болды. Министр Біржан Нұрымбетовтің сөзінше, «Еңбек» бағдарламасымен сапалы жұмыс орындарын құруға, сонымен қатар ауылдық кәсіпкерлікті кепілсіз несиелеу және өнімдерін кепілмен сатып алу тетіктерін енгізу арқылы қолдау көзделуде. Бұл жыл сайын қазіргідей 400 мың емес, 700 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек.

Асылбек Тойбек

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир