COVID-19: Алматыда жағдайы ауыр науқастардың саны артты

16.06.2020 00:04

Бұл туралы онлайн брифингте қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров мәлім етті

Фото из открытых источников

Алматыда жағдайы ауыр науқастардың саны артты. Бұл туралы онлайн брифингте қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қалада соңғы мәлімет бойынша симптомды 3113, симптомсыз 813 жағдай тіркелді. Бір қуантарлық жағдай – соңғы 7 күн ішінде 150 науқас сауығып шыққан. Жұқпалы аурулар стационарларында 1226 адам жатыр. Оның ішінде 57-сі бала. Емдеуге жатқызылғандар арасында 5 адамның жай-күйі өте ауыр, 62 адамның жағдайы ауыр, ал 575 адамдікі орташа дәрежеде. Сондай-ақ, бас дәрігер аурудың ешқандай белгілері жоқ кезде науқас үйінде емделеді деді. Ол үшін тіркелген емханасына немесе колл орталыққа хабарласу керек.

ГРАФИКА

Амбулаториялық жағдайдағы бақылауды МСАК мобильді бригадалары келесі алгоритмге сәйкес жүргізеді:

– күн сайын екі рет телефонмен хабарласу;

– жалпы жай-күйін, дене қызуын бағалау, сырқаттану бойынша шағымдарын (жөтелу, тыныс алудың қиындауы, әлсіздік, тершеңдік, диарея, бөртпе, миалгия және тағы басқа) анықтау, сатурация (мүмкін болғанда);

– қажет болған жағдайда бейне-консультация жүргізу, 3 күнде 1 реттен жиі емес.

«COVID-19 індеті расталған науқастарды емдеуге жатқызу және бақылау алгоритміне жеке тоқталғым келеді. Анализ оң нәтиже көрсеткенде Сall-орталыққа 3000-103 нөміріне жүгінуі қажет. Аурудың симптомсыз түрі бар адамдарды медициналық бақылау оқшаулаудың 10-күнінде ПТР тест жүргізіледі. Егер теріс нәтиже анықталса, босатылады. Ал COVID-19 диагнозы расталған, дене қызуы соңғы 3 күнде 38,5 °С болса, қанның оттегімен қанығуы 95 пайыздан аз болса, екі өкпесінде де 25 пайыздан астам өзгерістері таралған пневмония белгілері бар науқастар жатады», – деді қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Қамалжан Надыров.

Алматыда мониторинг барысында 252 нысанда эпидемиологиялық қауіпсіздік талаптарының сақталмағаны анықталды. Ал еліміздегі ірі кәмпит шығаратын «Рахат» фабрикасының 500-ге тарта қызметкері вирус тасымалдаушы болған. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин айтты. Қазір кәсіпорынның жұмысы уақытша тоқтатылды. Оның айтуынша, фабриканың 1500-ге жуық қызметкері тексерілген.  Жұмысшылардың барлығы үй карантиніне жіберілді.

«Рахат фабрикасында 30 мамыр мен 4 маусым аралығында 10 адамнан вирус анықталған. Бірінші, фабриканың бір қызметкері жоспарлы операцияға түскен кезде одан вирус табылған. Кейін зауытқа кіреберісте тұрған тепловизор арқылы тағы 8 адамның қызуы жоғары екені анықталды. Сол сәтте жедел жәрдем шақырылған. Қызуы көтерілген жұмыскерлердің барлығында коронавирус инфекциясы бар екені анықталды», – деді  қалалық мемлекеттік бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин.