Ардагер ұстаздар үндеу жасады: Еліміз аман болсын десек, карантин талаптарын мүлтіксіз орындауға тиіспіз

25.08.2020 23:18

Ел алдында жүрген қайраткерлер халыққа барынша насихат жүргізіп келеді

qazaly.kz

«Қауіп қайдан болса, қатер содан». Қатерге бой алдырып, бармақ тістеп қалмауымыз үшін еліміздің белгілі қоғам қайраткерлері карантин шараларына бейжай қарамау керектігін айтып жатыр. Әсіресе жасырын жиын жасау, той-думан құру, топтасып туған күн өткізу ешқандай абырой әпермейтінін ескертуде. Талай жасты білім нәрімен сусындатқан ардагер ұстаздар қоғамға үндеу жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұған дейін сан рет айтылып, ескертіліп жатса да әлі жиын-той жасау толастар емес. Осыған орай ел алдында жүрген қайраткерлер халыққа барынша насихат жүргізіп келеді. Еліміздің тұңғыш Еңбек Ері Аягүл Төреқызы ұятты желеу етіп, тығылып жасалған тойлардың салдары білім саласын да біраз әбігерге салғанын айтады.  

«Мемлекетіміз қандай қиындықтарды басынан кешіріп соған жағдай жасап жатыр. Мына оқушылардың қашықтан оқуы да сол бір оңай дүние дейсіз бе? Ата-ана үшін де, мұғалімдер үшін де, оқушы үшін де бұл өте бір қиын дүние. Соған қарамай, амандықты ойлап жұмыс істеп жатыр. Біз бәріне түсіністікпен қарауымыз керек. Сондықтан еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын десек, айтылған нұсқаудың бәрін мүлтіксіз орындауға біз тиіспіз», – деді Қазақстанның Еңбек Ері  Аягүл Миразова.

Ұстаздың ойынша кейін опық жеп қалмас үшін тәртіп сақшыларының да түсіндіру жұмыстарына белсенді тартылуы маңызды. Әр адам жеке басының жағдайын ойлап жан-жағына зиян келтірмеуі керек деген пікірде.

«Менің айтарым, құрметті қауым, мына жастар да, үлкендеріміз де осы жақсылықтың еш уақытта ерте-кеші болмайды. Той-томалақты Алла қолдап, амандық болса, бейбіт күн жақын туады. Ана ретінде, ұстаз ретінде  бейбіт уақытта дүрілдетіп, дүркіретіп тойды өткізуге болады деп ойлаймын», – деді Қазақстанның Еңбек Ері  Аягүл Миразова.

Аягүл апайымыздың мұндай сөздерімен белгілі ғалым Өмірәлі Қопабаев мырза да келіседі.


«Өзіміздің, менің таныс ағаларым соның әсерінен дүниеден өтіп жатыр. Соған біз қынжыламыз. Амалымыз жоқ бірақ. Мен бүкіл халықты, әсіресе, қаракөздерді соған шақырар едім. Тойға, жиынға әуестенбей, мына өтпелі кезеңді аман-есен өткізейік. Сосын кейін де той жасағанда да, өзінің жөніменен ысырап етпей жасаса, бәрі жөніне келеді», – деді Д. А. Қонаев атындағы еуразиялық заң академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы Өмірәлі Қопабаев.

Осы ретте біз қатардағы алматылықтарға да «Карантин кезінде той өткізуге қалай қарайсыз?» деген сұрақты қойып көрдік.

БЛИЦ:

- Дұрыс емес деп ойлаймын. Қарсымын. Негізінде кішкене шыдай тұрса бәрі толығымен аяқталғаннан кейін де асықпай той жасауға болады деп ойлаймын.

- Әркім өзі біледі ғой, бірақ қазір осы жылы той жасамауға шақырамын. Неге десеңіз бір-бірімізге жұқтырмай отбасымызды анам алып қалуымыз керек.

- Тойды біздің қазақта айтады ғой ой, құрсыншы дейді. Осы «құрсыншы» осы бізді қазақты құртып келе жатыр. Той жасауға қазір болмайды. Атап өтуге болады, өзіңнің ортаңмен жайлап, я болмаса батамен жіберуге болады, мысалы, қыздарды.

- Шағын адам жинап, туысқандарын жинап жасаса болады деп есептеймін.

- Халықтың  денсаулығы ең маңызды мәселе емес пе? Тойды басқа форматта жасауға болады қазіргі уақытта. Соны қарастыру қажет.

Иә, бәлкім той-думандардың форматын өзгерудің уақыты жеткен шығар. Бірақ мамандар ойын-сауық шараларынан, уақытша, мүлде бас тартқан дұрыс дегенді алға тартады. Ең бастысы сақ болған адамның сау жүретінін естен шығармағайсыз.

Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы