«Дүкенге ғана шығамыз»: Карантин кезінде алматылықтар қалай өмір сүріп жатыр

Фото: tengrinews.kz
Фото: tengrinews.kz
Қала билігі тұрғындарды тәртіп сақтап, үйден шықпауға шақырады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының қазіргі көрінісі ерекше. Көлік нөпірі сейілген. Адам аяғы арылмайтын жерлердің бірі – Арбаттың өзінде жүргіншілер сирек. Байқағанымыз, тұрғындар тек дүкенге немесе қысқа уақытқа серуенге ғана шыққан. Жұмысқа бара жатқан немесе келе жатқан адамдарды да көрдік.  

«Мен қазір жұмыс істеп жүрмін. Күнделікті жұмысқа барамын, келемін. Артық ешқайда шығып жүрген жоқпын. Қолымызды барынша жуып, сақтанып-ақ жүрміз», «Карантин тәртіптерін сақтауға тырысамыз. Үйден шықпаған едік, бүгін аздап серуендеп келгенді жөн көрдік», «Карантинге байланысты сыртқа шықсақ, маска тағу сияқты ережелерді сақтап жүреміз. Онда да үйден тек азық-түлік алу үшін дүкенге ғана шығамыз. Басқа уақытта ешқайда шықпауға тырысамыз», «Біз үйде отырамыз. Қазір ғана дүкенге шыққан едім. Анаммен бірге тұрамын, ол да ешқайда шығып жүрген жоқ», – деп жауап берді біз сөзге тартқан қала тұрғындары.    

Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген індеттен сақтануды әр адам өзінен бастауы керек. Көрінбейтін кеселге немқұрайлы қарамаған абзал. Мамандар, тіпті, әлем ғалымдары да солай дейді. Кейбір азаматтар редакциямызға бейнежазба жолдап, үйде коронавирустан қалай қорғанып жатқан сәттерімен бөлісті.

«Ассалаумағалейкум, Қазақ елі! Қазақстанда төтенше жағдай, Алматыда карантин жариялануына байланысты қазір үйден шықпай отырмыз. Үйде карантинге қатысты бүкіл шараларды қолданудамыз. Ең бастысы, қолды, бет-ауызды сабынмен жуып, одан кейін антисептиктер қолданып, сонымен қатар, ата-бабамыздан келе жатқан үйді аластау тәсілі – адыраспан, арша сияқты өсімдіктердің түтінімен үйді аластап жатқан жайымыз бар», – дейді Алматы қаласының тұрғыны Серікбек ҚҰРМАНҒАЛИЕВ WhatsApp желісі арқылы жіберген видеосында.  

«Күнделікті далаға шыққан сайын, дүкенге барған сайын маска киіп, келген соң қолымызды кір сабынмен жуып, антисептик сеуіп жүреміз. Таза ауада аз ғана уақыт қыдыруға тырысамыз, оның өзінде тек аулада жүреміз. Ережелерді барынша сақтауға тырысып жатырмыз. Карантин тез жойылсын деп тілейік!», – дейді Алматы қаласының тағы бір тұрғыны Айгүл БЕКМУРЗИНА да WhatsApp-пен жіберген видеосында.    

Мемлекет басшысы бүгінде қауіпті вируспен күресте бірігуге шақырды. Яғни, әр азамат жауапкершілікпен қарап, карантин ережесін бұзбауы керек.

Өз елдерінде ауруды ушықтырып алған Еуропада қазір жағдай тым қиын. Адамдар жайдан-жай көшеге шыға алмайды. Егер карантин тәртібін бұзған болса, бірден айыппұл салынады немесе қамауға алынады. Мәселен, Францияда тәртіпке бағынбасаңыз, 135 еуро айыппұл арқалайсыз. Егер ол айыппұлды 45 күн ішінде төлемесеңіз, сома бірден 375-ке еуроға көтеріледі. Ал жандармға бағынбай, күш көрсетсеңіз, 30 мың еуро төлеуіңізге тура келеді. Польшада да карантин ережесін бұзғандарға 5 мың злото көлемінде айыппұл салынады. Чехияда заңға бағынбағандар 10 мың крон, яғни, шамамен 400 доллар төлейтін болса, Ұлыбританияда мың фунт екен. Германияда тіптен қатал. Екі адамнан артық жиналғандарға 25 мың еуро айыппұл қарастырылған. Сондықтан болар, немістер карантин кезінде үйлерінен мүлде шықпайды.  

Қала билігі тұрғындарды еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі көрсеткен нұсқаулықтар бойынша тәртіп сақтап, үйден шықпауға шақырады. Қауіпті індеттің тырнағына ілінбеудің жалғыз жолы – тазалық шараларын қатаң ұстану екенін ұмытпайық. Қарапайым қағидаларды қолдансақ қана кеселден тез уақытта құтыламыз.

Өмір Әнуарбек, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров