Алматыда дәрі-дәрмек пен медициналық маска қоры жеткілікті

Алматыда дәрі-дәрмек пен медициналық маска қоры жеткілікті
Қазір стационарларда 3 миллионнан астам препарат тұр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда дәрі-дәрмек пен медициналық маска қоры жеткілікті. Осылайша қала билігі коронавирустың екінші толқынына дайын дейді мамандар. Айта кетейік, қаңтар айының аяғына дейін кемінде 40 миллион дәрі-дәрмек пен медициналық өнім жеткізу жоспарланған. Бүгінгі таңда 33 млн.медициналық препарат әкелінді. Оның 14 миллионы нарыққа жолданды. Ал қалғаны қоймаларда сақтаулы тұр. Сондай-ақ, «СК-Фармация» жанынан екі айлық қор деңгейінде тұрақтандыру қоры құрылған. Almaty.tv тілшісі Жадыра Омаржан тарқатсын.

Бүгінгі таңда Алматыда дәрілік препараттар мен бетперделердің жеткілікті қоры бар. Ең қажетті дүниелерге тапшылық жоқ деді жауаптылар. Оның үстіне пандемияның екінші толқынына дайындалу мақсатында күн сайын медициналық өнімдердің сөрелерде бар-жоғы тексеріліп тұрады. Қала билігі ең жоғары ауру көрсеткіші болған шілде айын негізге алып талдау жүргізіпті. Сол кезде емханаға 14 мың науқас келіп түскен екен. Оларға 2 миллионнан аса дәрі қажет болыпты. Қазір стационарларда 3 миллионнан астам препарат тұр. Қамту 83 пайызды құрайды.

«Қазіргі кезде сатылымдар күнделікті қалыптасқан түрде жүзеге асырылып жатыр. Яғни, жоғары сұраныс байқалмайды және де өздеріңіз білетіндей, осы биылғы жылдың шілде айында Бақытжан Әбдірұлының тапсырмасы бойынша, Алматы қаласында тұрақтындыру қоры құрылған болатын. Осы қорға Алматы қаласы бюджетінен 10 млрд теңге бөлінген», – деді қала әкімдігінің дәрілік препараттармен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаев.

Алматыда медициналық бетперде шығаратын 6 ірі отандық өндіруші бар. Қуаты – 882 мың масқа. Одан бөлек, 15 ірі жеткізушіде 20 миллионнан астам маска қоры бар. Қыркүйек айында «СК-Фармацияда» 10 миллион бетперде сатып алды. Қажеттілік туған кезде нарыққа саудаға шығарады. Ал, қалада 867 дәріхана 95 пайыз маскамен қамтылған. Алайда бағаны көтеруге болмайды дейді мамандар.

«Департамент жалпы құны 28 миллион 418 мың теңге болатын 156 айыппұл салды. Олар ортақ ережені бұзып, дәрілерге бағаны көтергені үшін жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік кодекстің 424-бабы бойынша рұқсаты жоқ бола тұрып, заңсыз фармацевтикалық қызметпен айналысқандарға 305 мың теңге көлемінде 14 айыппұл салынды. Ескертуді елемей, қайта бұзған 8 іс арнайы сотқа жолданды», – деді қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұрат Мұхамедяров.

Алматыда соңғы айда дәрілік заттарға бағаны көтеру бойынша тек бір дерек түсіпті. Тиісті мекемелер тексеруді ары қарай жалғастыра бермек.

Жадыра Омаржан, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров