Қазақстандық ғалымдар коронавирусқа қарсы жаңа вакцина ойлап тапты

24.kz
24.kz
«Дельта» штамының негізінде жасалған «КазКоВак-Пи» вакцинасы көпшілікке наурыз айында тегін қолжетімді болмақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Пандемия әсіресе, онкологиялық ауруға шалдыққандарға қатты тиді. Себебі, қатерлі ісігі барлардың иммундық жүйесі әлсіз келетіндіктен, оларды вирустан қорғау өткір мәселе болды. Дегенмен, дәл қатерлі ісікпен ауыратындарды вирустан тек вакцина қорғайды. Бұл туралы бүгін баспасөз брифингінде қаланың бас онкологы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Пандемия басталғалы Алматыда қатерлі ісікке шалдыққан 1200 адам коронавирус жұқтырып, 33-і айыға алмай, қайтыс болған. Себебі, вирус науқастардың дертін асқындырып жіберіпті. Бұл туралы қалалық онкологиялық орталықтың директоры Нұрсұлтан Ізбағамбетов мәлімдеді.

Дәл осы диагнозбен мегаполисте 27 мыңнан аса адам есепте тұр. Тіпті, күн санап қатары артып барады дейді мамандар. Әсіресе, сүт безі, тоқ ішек, өкпе, асқазан қатерлі ісігіне шалдыққан науқастар көбейген. Сондықтан дәрігерлер бұл топтағы пациенттердің иммундық жүйесін нығайтуға баса назар аударып отыр.

Бүгінде онкологиялық дерті бар 8 мыңнан аса адам вакцина алған. Ең бастысы, оларда ешқандай асқынулар байқалмаған.

«Қасындағы бірге тұрып жатқан жақындары мен бауырлары да бірге вакциналануы керек. Тек химиотерапияны, яғни қазіргі емін бітірмейінше, науқастарға вакцинаны тоқтатуына болады. Қалғандарына ешқандай шектеу жоқ. Вакцинаны міндетті түрде қабылдау керек», – деді қалалық онкологиялық орталықтың директоры Нұрсұлтан Ізбағамбетов.

Иә, қауіпті вирусқа қарсы тұра алатын вакцина ғана. Бұл ретте отандық мамандар екпенің жаңа түрін жасап жатыр. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі келесі жылдан бастап, шетелдік екпелердің ақылы болатынын хабарлаған еді. Ал «КазКоВак-Пи» вакцинасы көпшілікке наурыз айында тегін қолжетімді болмақ. Бүгінде бұл екпенің тиімділігін зерттеу жалғасып жатыр. Вакцинолог мамандардың айтуынша, екпе бірінші кезеңнен сәтті өткен. «Дельта» штамының негізінде жасалған вакцина – ағзаға қауіпсіз. Себебі, сынаққа ерікті түрде қатысқандарда ешқандай кері әсер болмаған. Сондай-ақ, COVID-19 вирусының өзге мутацияларына да тиімді болады деп отыр.

«Пи» деген сөзі – протеин немесе ақуызі. COVID-19 вирусының сыртқы қабатында белогы болады. Сол белок арқылы вакцина жасалынады. Қазіргі жағдайда ол вакцинаның адамға деген қауіпсіздігі өте жоғары деңгейде екені анықталып отыр. Алғашқы сынағында 44 адам қатысты. Бұл 44 адамда сол вакцинаның адамға деген қауіпсіздігі анықталды, вакцинаның негізгі қасиеті сол. Сынақтың екінші кезеңінде вакцинаның иммуногендік қасиеті анықталады», – деді ҚР БҒМ Ғылым комитетінің биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі Лесбек Күтімбетов.

Дегенмен, елде екпе алуға асықпайтындар да бар. Соның салдарынан, коронавирусқа шалдыққандар саны артып, кейбір өңірлер «қызыл аймаққа» өтіп жатыр. Бүгін бұл тізімде Солтүстік Қазақстан облысы бірінші орынға шықты. Осыған байланысты, онда карантин күшейтіліп, салтанатты іс-шаралар, форум, конференциялар өткізуге тыйым салынбақ. Себебі, облыста коронавирусты жұқтыру 2 есеге көбейген. Ал көз жұмғандардың 78 пайызы екпе алмаған қариялар екен.

«134 мың қарт адамның ішінде, өкінішке қарай, тек 18 пайызы ғана вакцина алған. Бұл 24 мың қарт адам ғана вакцина алды деген сөз. Облыс бойынша бұдан басқа тағы 110 мың қарт адам әлі күнге дейін вакцина алмаған», – деді СҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов.

Ал кеше ғана «қызыл аймаққа» енген Алматы облысы бүгін қайтадан «жасылға» өтті.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров