Денсаулық сақтау министрлігі мен өңірлердің коронавирус бойынша статистикасы неге сәйкеспейтіні де айтылды
Қазақстанда желтоқсан немесе қаңтар айларында қатаң карантин шаралары енгізілуі мүмкін. Ол туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, барлығы министрліктің жағдайды қаншалықты бақылауда ұстай алатынына байланысты. Өйткені кейбір өңірлерде ауруды жұқтыру деңгейі төмендесе, енді бірінде керісінше өсім тіркеліп жатыр.
«Қазір коронавирус өршіген кейбір өңірде жұқтыру деңгейі төмендеп келе жатқанын байқап отырмыз. Шығыс Қазақстанда мәселен жағдай реттеліп, жұқтыру деңгейінің төмендеу тенденциясын бақылаудамыз. Ең бастысы – жағдайды бақылауда ұстау. Қазір инфекциялық ауруханалар 22 пайызға, жансақтау төсектері 17 пайызға жүктелген. Яғни, резерв бар. Сондықтан қазір уайымдаудың қажеті жоқ», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Ал, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова 1 қыркүйектен бастап елде 165 мектеп карантинге жабылғанын мәлім етті. Қазіргі таңда 66 мектеп әлі де жабық. Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі мен өңірлердің коронавирус бойынша статистикасы неге сәйкеспейтіні айтылды.
«Өңірлердің статистикасы туралы айтар болсақ, бұл жағдайдан хабарымыз бар. Аталмыш мәселені реттеу үшін біздің арнайы бригадалар мен мониторингтік топтар аймақтарға барып, жергілікті жердегі жағдайларды өз көзімен көрді. Мәліметтің кейде расында да қате тіркеліп жатқанын көріп, себебін анықтадық. Мұндағы басты себептердің бірі – зертханалардың толық интеграциясының болмауы. Яғни, жеке зертханалардың бір бөлігі бірыңғай ақпараттық жүйеге енгізілмеген. Кейінгі кезде бұл бағыттағы жұмысты реттеп, жеке зертханалар бірыңғай ақпараттық жүйеге кіріктіріле бастады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.