Қазақстан бойынша мыңнан астам әйел қымбат косметологиялық қызметтер үшін алдын ала төлем жүргізген
«Сұлу етеміз» деп сан соқтырды. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында мыңнан астам әйел «Плаза» эстетикалық медицина орталығында косметологиялық қызметтерді төлеу үшін рәсімдеген несиелер бойынша қарыздарын кешіруді талап етуде. Бұл дау-дамай биыл жазда басталған. Ол кезде 200-ге жуық адам алаяқтықтың құрбаны болдық деп шағымданған еді. Содан бері зардап шеккендердің саны ресми түрде мың адамнан асқан. Негізінен орталықтың филиалдары жұмыс істеген Нұр-сұлтан, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларының тұрғындары көбірек зардап шегіпті. Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.
Эстетикалық медицина орталығы карантиннен кейін жұмысын тоқтатқан. Ал, Қазақстан бойынша мыңнан астам әйел қымбат косметологиялық қызметтер үшін алдын ала төлем жүргізген. Оның басым бөлігі сұлулық үшін құрбандыққа барып, банктен несие алған.
«Басынан маған звондап, қайта-қайта шақырып қоймады. Барған кезде маған акция жүріп жатыр 50 пайыз деп айтты. Өйткені маған осы ұсынысты көрсеткен кезде 720 мыңдай болады деді. Мен 370 мыңға қол қойдым. Ары 34 пайызға қарай өседі. Ол банкте кредит болады, банк ондай несиені беріп тұрып, ақшаны беріп тұрып, қазір «біздің ешқандай кінәміз жоқ, ақшаның барлығын құрылтайшы алып кетті» деп айтады», – дейді қала тұрғыны Айнұр Тұрғанбаева.
Тақырға отырған әйелдердің айтуынша, клиника басшысы Ресей азаматы. Ол алаяқтық пиғылын Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларында жүзеге асырған. Бүгінде қызмет ала алмай, қалталарындағы қаражаттан қағалғандар енді банктердің табалдырығын тоздырып, несиелерін кешіруді сұрап жүр.
«Біз үстемақыны тоқтатып, төлемдерін кейінге қалдыруды ұсындық. Яғни, 6 айға 16 желтоқсанға дейін жеңілдік қарастырылды. Бүгінде мәселе соңына дейін шешілген жоқ. Сондықтан біз тағы 6 айға 16 маусымға дейін кейінге қалдыруды және клиенттер үшін сыйақыны тоқтата тұруды ұсынамыз», – дейді «Альфа-банк» АҚ филиалының директоры Мұрат Досмұхамедов.
Ресми мәліметтер бойынша, бұл орталықтың алаяқтық әрекетіне мыңнан астам адам тап болған.
«Материалдық залал келтірілгені анық. Сотқа дейінгі тергеу органдары залалдың нақты санын анықтау бойынша тиісті сараптамалар жүргізеді. Жалпы соммасы 9 саннан болатынына еш күмәнім жоқ. Тергеу кезеңінде жаңа деректер ашылады. Кінә мен ауырлық дәрежесін, оның ішінде жазаны сот анықтайды», – дейді қорғаушы Еркінбек Үрімбаев.
Ал, елордалық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 190-бабы Алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Егер күдікті табылып, оның кінәсін дәлелдесе, онда ол 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Асылбек Тойбек