Қазақстандық вакцина шығаратын зауытқа кім жауапты

Қазақстандық вакцина шығаратын зауытқа кім жауапты
Әлі күнге қай министрлік өндіріс орнының жұмысын үйлестіретіні беймәлім
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мәжілісте айтылған тағы бір мәселе – қазақстандық вакцина шығаратын зауытқа кім жауапты? Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Жамбыл облысында салынып жатқан зауытқа кімнің жауапты екенін сынға алды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның сөзінше, әлі күнге қай министрлік өндіріс орнының жұмысын үйлестіретіні беймәлім. Бұл сұраққа жауап берген Үкімет басшысының орынбасары Әлихан Смайылов жалпы Білім және ғылым министрлігі жауапты екенін, қазір барлық техникалық жұмыстарын әкімдік жүргізіп жатқанын жеткізді. 

«Министрліктердің қайсысы бұл зауыт үшін жауапты? Ленталары қиылды, Алексей Владимирович. PR науқанын жүргізді. Енді, зауытта қашан өнеркәсіптік өндіріс басталады? БҒМ «менікі емес» деп отыр. Цой мырза «тек тұтыну мен ұйымдастыруды» айтады. Сонда кім жауапты? Әзірге өздеріңізге де түсініксіз болып отырғанын көрдік. Әлихан Асханұлы үлкен өтініш, «қойшы көп болса, қой арам өлетінің» кері болмасын. Бұл өте маңызды жоба. Халық, қоғам вакцинаны күтіп отыр. Қанша мәлімдеме жасалған соң, енді ұйымдастыруды қолға алыңыздар», – деді  ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Сондай-ақ, Мәжіліс төрағасы денсаулық сақтау министрін екпе бойынша деректерді нақты айта алмғаны үшін сынға алды. Алексей Цойдың айтуынша, Қазақстанға 2,3 миллион вакцина дозасы жеткізілді. Қазіргі таңда 1,4 миллион адамға бірінші компонент салынған. 

«Журналистермен, халықпен кездескенде қолда бар цифрларды жасырмай, ашық айтыңыз. Ал мынау эквилибристика бәрінің тепе-теңдігін бұзды. Қазір ғана екінші доза 21 күннен кейін егіледі дедіңіз. Ал орынбасарларыңыздың бірі 90 күн дейді. Сіз максимум 45 күн деп отырсыз. Барлығын шатастырып жібердіңіз! Адамдардың басын қатырмайық. Егер екі вакцина болса, демек, екеуін де салдыру қажет. Он бес күннен кейін антидене пайда болады деп ақталып жатқанға ұқсайсыз, Алексей Владимирович. Екі вакцина алған адам ғана вакциналанған деп саналады. Міне, соларды есептеу керек», – деді  ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Новости партнеров