Мегаполисте COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 38 жаңа жағдайы тіркелді
3 мамырда сағат 17.00-де коронавирустық инфекция жұқтырудың расталған 1278 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа жағдайлар – 38, оның ішінде 3-уі үй ошағынан жұқтырған, қалғандары вирус жұқтырған науқаспен байланыста болғандар.
Жаңадан вирус анықталған адамдармен байланыста болған олардың туған-туыстары мен жақын адамдары карантинге оқшауланды.
«Бүгінгі күні жұқпалы аурулар стационарларында COVID-19 вирусынан 1111 пациент емделуде. 2 адамның жай-күйі өте ауыр, 25 адамда – ауыр, 263-інде ауырлықтың орташа дәрежесінде және қалғандарында – қанағаттанарлық», - делінген хабарламада.
Кешегі күні Алматыда коронавирустық инфекциядан 30 адам, ал бүгін 17 адам сауығып, емдеуден шығарылды.
Мегаполисте тәулігіне емдеуден шығарылғандар саны 47 адамды құрайды.
«Бүгін Орталық қалалық клиникалық аурухананың 9 медицина қызметкері және вирус жұқтырған адаммен байланыста болған 8 адам, кеше Орталық қалалық клиникалық аурухананың 15 медицина қызметкері, 1 санитарлық дәрігер, 2013 жылы туған 2 бала, №17 қалалық емхананың 1 медицина қызметкері және вирус жұқтырған адаммен байланыста болған 11 адам емдеуден шығарылды», - делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.
Қазіргі уақытта Алматыда жалпы 159 адам емдеуден шығарылды.