Коронавирустың таралуы көп ретте профилактикалық шаралардың сақталмауы салдарынан болады – дәрігер

01.12.2020 00:09

Алматы коронавирустың таралу қарқыны бойынша «сары» аймаққа енді

stan.kz

Бұқаралық шаралар, әлеуметтік арақашықтықты сақтамау және бетперде кимеу ауыр зардаптарға соқтыруы әбден мүмкін. Бұл туралы С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының профессоры Равиля Егембердиева онлайн-сұхбат барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматы коронавирустың таралу қарқыны бойынша «сары» аймаққа енді. Сарапшылар инфекцияның күрт артуын карантиндік шаралардың босаңсуымен байланыстырады.

«Қыркүйек-қазан айларында коронавирустық инфекцияның қалада төмендеуі тұрғындардың босаңсуына ықпал етті. Сауда орталықтары мен саябақтардың жұмысын қайта жаңғыртуы дерттің күрт өсуіне  әкелді. Сонымен қатар, суық түсіп, вирустың сыртқы ортада сақталуы мүмкін болды, ал бұл жағдайды күрделендіре түседі», – деді Р. Егембердиева.

Сарапшылардың бақылауы бойынша, жұрттың басым бөлігі әлі күнге дейін коронавирустың бар екеніне сенбейді, соның салдарынан профилактикалық шараларды елемейді. Кейбіреулер тіпті дәрігерлер сандар мен деректерді асырып көрсетеді деген сенімде.

«Бірақ, өкінішке қарай, коронавирустық инфекция бар және оның зардабы өте ауыр. Сонымен қатар, бұл дертті жұқтырған кез келген адамда ауру асқынуы мүмкін. Ахуалдың күрделі екенін түсінгенде ғана адамдардың әлеуметтік жауапкершілігі артатын болады», – деп есептейді спикер.

Р. Егембердиеваның айтуынша, созылмалы аурулары бар қарт адамдар ауруханаларға жиі түседі.

«Негізінен науқастар үйден шықпадық дейді. Ал, оларға сақтық шараларын елемеген отбасының жауапсыз мүшелері мен туыстары инфекция жұқтырады. Әрине, қарт адамдар ауруға төтеп бере алмай, қайтыс болуы әбден мүмкін», – деді спикер.

Р. Егембердиева бүгінгі күні де профилактикалық шараларды қатаң сақтау коронавирусқа қатысты ұсыныстардың ең маңыздысы екенін атап өтті. Олар: бетперде тағу, қолғап кию, дезинфекция құралдарын қолдану. Жабық кеңістікте әлеуметтік қауіпсіз арақашықтықты сақтау, адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болу.