Алматыда коронавирус жұқтырған бір науқастың жағдайы ауыр. Ал алтауының хәлі орташа деңгейде. Бұл туралы қаланың бас дәрігері Тілеухан Әбілдаев онлайн өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv
Мегаполистегі провизорлық орталықтарда 1046 адам болса, оның ішінде 102-сі бала. Қазіргі таңда карантиндік оқшаулау орындары 6-ға артты. Нақтырақ айтсақ, қосымша үш шипажай мен бір жатақхана қарастырылып отыр. Шетелден келген азаматтар қай елден келгеніне қарамастан 2 күндік карантинге орналастырылып, талдаулар алынады. Нәтиже теріс болған жағдайда олар үйлеріне жіберіледі. Өз кезегінде, қалалық Денсаулық басқармасының басшысы халықты түсіністік танытуға шақырды.
«Еліміздің ұлттық дәстүрлері бар. Осы құдалық, беташар, кішкентай балалардың қуанышын тойлау. Қазіргі уақытта соның бәрін тоқтата тұрғанымыз жөн. Осындай дәстүр мен салттарды өткізген кезде, адамдардың ортасында ауыр індетті жұқтыру орын алуы мүмкін. Қазіргі шектеулерді қаланың тұрғындары толыққанды орындайтын болса, адамдардың арасындағы қарым-қатынас дәл бүгініде шектелген күйде қалатын болса, болашақта бұл аурудың таралу деңгейі төмендейді», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.
Ал әлемді дендеген дерт жайлы эпидимологтар талдау жүргізіпті. Сөздерінше, қауіпті індет әсіресе 20-29 жас, 30-39 жас , 50-59 жастағыларға жұғуға бейім. Сондай-ақ, Алматыда аурудың өршіген 3 кезеңі тіркелді. 13 наурыздан бастап вирустың 5-күні 9, 15-күні 16, және 18-күн 10 дерегі белгілі болған. Бүгінге дейін 8 мыңнан аса дам тесттен өтті. Алматыда талдау жасайтын құралдар жеткілікті.
«Коронавирус анықталған 73 адамның 97 пайызы індетті сырттан жұқтырып келген. Ауырғандардың тек 3 пайызы жергілікті жерде пайда болды. Әсіресе, басқа елден ауруды жұқтырып келіп, өзімен байланыс орнатқандарға жұқтырып жатыр. Ауырғандардың басым бөлігі Мәскеу, Берлин, Санкт-Петербург, Минсктен келген. Сондай-ақ, қауіпті індетті әйелдер жұқтыруға бейім келеді. Нәзік жандылардың 62,5 пайызы, ал еркектердің 37,5 пайызы ауырған», – деді қалалық Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат МОЛДАҒАСЫМОВА.