Елордада COVID-19 жұқтырған бір науқастың жағдайы ауыр

inbusiness.kz
inbusiness.kz
Дәрігердің сөзінше, қалған науқастардың жағдайы қанағаттанарлық
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтанда COVID-19 жұқтырған бір науқастың жағдайы ауыр. Елордалық  Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Кисикова дәл осылай деді. Айтуынша, науқас өкпе қабынуы күдігімен стационардағы бокста жатқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Науқасқа өкпе қабынуы күдігімен ем жүргізілді. Алайда жағдайы нашарлай түсті. Диагностикалау кезінде коронавирус инфекциясы анықталды. Қазіргі уақытта оның дене қызуы жоқ. Бірақ жағдайы ауыр. Екі жақты пневмония, бірінші дәрежедегі  тыныс алу жеткіліксіздігі бар. Пәнаралық топ консилиумы тағайындалды», – деді Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле КИСИКОВА.

Дәрігердің сөзінше, қалған науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Олардың дене қызуы шекті межеде. Коронавирус инфекциясы бойынша хаттамаға сәйкес ем-дом алып жатыр. Белгілісі – олардың 68%-ы - әйелдер. Одан бөлек, 18 жасқа толмаған 2 бала және 60 жастан асқан 1 науқас бар. Ал, елге келіп жатқан  отандастарымыздың жағдайы қатаң бақылауда деді Кисикова.

«Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайына шетелден 596 азамат ұшып келді. Дубай, Токио, Минск, Мәскеу, Лондон, Стамбул қалаларынан келгендердің жағдайы қазір жіті қадағалануда. 577-і азамат стационарға талдама алу үшін оқшауланды», – деді Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле КИСИКОВА.

Нұр-Сұлтан қаласында да 19-наурыздан бастап карантин режимі енгізілгенін еске сала кетейік. 22-наурыздан елордаға азаматтардың, көліктердің  кіріп-шығуына толық тыйым салынды. Талаптың сақталуын 7 блок бекет қадағалайтын болады. Шаhардағы барлық ойын-сауық орталықтары, мейрамханалар мен дәмханалар, түнгі клубтардың жұмысы тоқтаған. Қала билігі мен ақ халаттылар тұрғындарды мүмкіндігінше үйден шықпай, тазалық сақтауға шақыруда. Сөйткен жағдайда ғана инфекцияның жойылуы жылдамырақ екен.

Салтанат Нысанбек, «Алматы» арнасы


Новости партнеров