Елімізде коронавируске қарсы алғаш рет екпе жасатқан отандасымыз жайлы

04.08.2020 00:29

Препарат қазіргі уақытта клиникалық зерттеулердің бірінші сатысында

Almaty.tv

Елімізде алғаш рет COVID-19-ға қарсы вакцина адамға егілді. Екпе жұмыстары Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанындағы Халықаралық вакцинология орталығында жүргізілді. Австралияда жасалған COVAX-19 препараты осы орталықтың директоры Қайсар Қазыбайұлына салынды. Жас ғалымдардың зерттеуі нені көрсетті? Коронавируске қарсы алғаш екпе жасатқан отандасымызбен Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке тілдесіп қайтты.

17 жыл бойы 10-ға жуық екпені әзірлеуге қатысқан білікті, жас маман Қайсар Табынов шетелдік вакцинаны өзіне салдырды. Препарат қазіргі уақытта клиникалық зерттеулердің бірінші сатысында. Ғалымның өзі әзірге вакцинаның жағымсыз әсерін байқамағынын айтады.  

«Вакцинаны 5 күн бұрын салдырдым. Айтарлықтай  жағымсыз әсерін байқамадым. 4 жарым сағат өткеннен кейін кішігірім ауырсыну байқадым. Бұл қалыпты жағдай вакцинадан кейін. Үшінші күні толығымен жалпы жағдайым жақсарды. Қазір бәрі жақсы», – деді Халықаралық вакцинология орталығының басшысы Қайсар Табынов.

Бұл суббірліктік вакцина коронавирустың шыбықтарынан жасалғандықтан, ол өте таза болып келеді. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл екпенің құрамында иммунитетті көтеретін қоспалар бар, оның жағымсыз әсері деген төмен. Зерттеулер көрсеткендей, екпенің егде жастағы адамдарға әсері зор.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы алғашқы вакцинаның егілгені жайлы ақпаратқа Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов түсініктеме берді.

«Денсаулық министрлігіне сол тараптан ешқандай ұсыныс, тапсырыс түспеген. Яғни, ол зерттеулерге ресми рұқсат берілмейді. Оны басқа адамдарға немесе көпшілікке дәрі-дәрмек ретінде шығаруға ешқандай рұқсаты жоқ. Министрлік және ғылыми орталықтар министрлікке қарайтын әрқашанда ізденістерін тоқтатпайды. Бұл бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Дегенмен халықаралық тәжірибеге көбірек назар аудару керек деп ойлаймын», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.

Ал вакцинология орталығының директоры қолға алынған тірлік екі ел тарапынан, Австралия мен Қазақстан арасында инициативті түрде жүргізілгенін айтады. Сондықтан бұл іске еш қаражат бөлінбеген. Нәтижеге тек екі елдің ғалымдарының денсаулық саласына қосқысы келген үлесінің арқасында қол жеткізіліпті. Сол себепті атқарылған шаруа осы күнге дейін ресми емес жасалып келді дейді маманның өзі.

«Бұл ресми түрде жасалып жатқан клиникалық сынақ жұмысы емес. Өйткені теріс пікірлер пайда болып жатыр, мысалы Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан. Халықаралық вакцинология орталығы екі түрлі стратегияны ұсынып жатырмыз. Ең басты мақсат – бізге қолжетімді вакциналардың бірнешеуі болуы керек, біреу емес. Халықта ең алдымен таңдау болу керек. Біз таңдауымыз қажет», – деді Халықаралық вакцинология орталығының басшысы Қайсар Табынов.

Жас ғалымның айтуынша, бүгінде вакцинаны салдырамын деушілер көп. Тіпті Қазақстанда жасалған жұмысты Австралияның этикалық комиссияның протоколына енгізу туралы ұсыныс жасалған көрінеді. Ендігі кезекте бұл істі ресми түрде жүргізудің сәті келген сияқты, дейді маман.

Сая Меңдеке, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы