Карантин: Әуезов ауданындағы мониторингтік топ бірнеше базардың жұмысын тексерді

Almaty.tv
Almaty.tv
Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, ауданға қарасты барлық сауда орындары ұдайы бақылауда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қалада санитарлық талаптардың сақталуына байланысты тексеріс жұмыстары күшейтілуде. Әуезов ауданының мониторингтік тобы базарлардың қаншалықты талапқа сай жұмыс істеп жатқанын тексерді. Саудагерлер ережемен толықтай таныс па? Тәртіп бұзушылар көп пе? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы айтып берсін.

Әуезов ауданы әкімінің орынбасары бастаған тексеріс тобы алдымен «Сарыарқа» базарына бет алды. Мұндағы саудагерлердің барлығы дерлік бекітілген ережені бұлжытпай орындауда. Олардың өздері де келушілерге санитарлық талаптарды сақтау керек екенін үнемі түсіндіріп отырады екен.

Бұл – Әуезов ауданындағы базарлардың бірі. Көріп тұрғанымыздай, көпшіліктің дені маска таққан. Демек, қалада жүргізіліп жатқан түсіндірме жұмыстары жемісін беруде.

Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, ауданға қарасты барлық сауда орындары ұдайы бақылауда. Бірен-саран тәртіп бұзушылық анықталса, бірден шара қабылданып, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.

«Біздің ауданның мониторингтік тобы күнделікті базарларды тексереді. Мұнда адам көп шоғырланғандықтан, санитарлық талаптарды қатаң сақтау аса маңызды. Сондықтан саудагерлер де, келушілер де барлық ережелерге бағынады деп айта аламын», – деді Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Ренат Кенеев.

Арыстан базары да тексерістен сүрінбей өтті. Бұл сауда орнының кіреберісінде дене қызуыңызды өлшеп, маска тағуды талап етеді. Оны еске салар жапсырмалар да жеткілікті. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау үшін салынған арнайы белгілер де бар. Десе де тосыннан келген тексеріс тобын көріп, абдырап қалғандар да табылды.



Жалпы, тексеріс барысында тәртіп бұзушылар анықталған жоқ. Індет таралуының алдын алу үшін мұндай шаралар тұрақты түрде жүргізілмек.


«Бұл екі базарда да айтарлықтай кемшілік анықталған жоқ. Өйткені бұл базарлар біздің тарапымыздан, мобильді топпен күнделікті тексеріліп тұрады. Базардың басшылығы да, осынағы сатушылар да санитарлық талаптармен толықтай танысқан», – деді Әуезов аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Салтанат Бөпежанова.

Айта кетейік, 8 қазаннан бері Әуезов ауданында тұрақты түрде 2 мониторингтік топ жұмыс жасап жатыр. Осы уақытқа дейін 330 нысан тексерілген. Оның ішінде 8 мекеменің жұмысы тоқтатылды.

Жанар Ғаниқызы, Ғани Қалуов «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров