Алматыда 383 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған
Алматыда 383 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған. Оның 263-і Орталық қалалық клиникалық ауруханада жұмыс істеген. Қазір аурухана карантинге жабылған. Сондай-ақ, халықпен етене жұмыс істейтін 1 тәртіп сақшысы және 40 студент, 15 оқушыдан қауіпті инфекция анықталды. Бұл туралы бүгін онлайн брифинг өткізген қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, көбінесе инфекцияны 20-29 жастағы жұмысқа қабілетті адамдар жұқтырған. Қазір 212 осы жастағы азаматтар ем қабылдап жатыр. Дегенмен басты назарға дәрігерлер мен санитарлық мамандар алынды. Алматыда ауру жұқтырғандармен 12 мыңнан аса тұлға байланыста болған. Оның 2 мыңнан астамы жақын араласқан болып шықты.
«100 мың тұрғынға шаққанда аурушаңдық көрсеткіші 34 болып тұр. 5 адам қайтыс болды. 14 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы – 3,1. Сондықтан қазіргі таңда біз осындай анализ бойынша жасап жатырмыз. Аурушаңдық ересектер арасында басым. Өкінішке қарай, біздің санитарлық қызмет қызметкерлерінің арасында 7 жағдай тіркеліп отыр», – деді Қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек БЕКШИН.
Қаланың бас санитарының сөзінше, қауіпті вирустың тарихта болмағанын еске салды. Сондықтан, жабық ғимараттарға, рұқсат етілген сауда нүктелеріне барғанда медициналық бетперде мен қолғапты ұмытпау керектігін айтты. Бас санитар дерттің әлі дендеп тұрғанын ескертті.