Қорғаныс құралдары тиелген борт Алматыға 11 шілдеде келген
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанға 53 тонна гуманитарлық көмек жіберді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қорғаныс құралдары тиелген борт Алматыға 11 шілдеде келген. Онда 1 миллион 622 мыңнан астам респираторлық және медициналық бетперде, 62 мың 600 дана бетке арналған қорғаныс қалқаншасы мен көзілдірік, сондай-ақ 120 мыңға жуық халат бар. Жүктің жалпы сомасы 2 миллион 700 мың АҚШ долларына бағаланып отыр.
«Бұған дейін құжаттарын дайындадық. Міне, бүгін алып жатырмыз. Кейін бірден медсервиске, қоймаға апарамыз. Сол жерден барлық ұйымдарға бөлінеді. Бұл – барлық медициналық ұйымдардың медицина қызметкерлеріне таратылатын жүк қой», – деді «СК-ФАРМАЦИЯ» ЖШС Алматы қалалық өкілінің менеджері Шолпан Әділбекова.
Сондай-ақ, Қазақстанға жеткізілген гуманитарлық көмекті «СК-ФАРМАЦИЯ» компаниясы қабылдап алды. Ал, бүгін қаладағы барлық мемлекеттік мекемелерге жөнелтілмек. Осы тұста, сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент өкілдері құқық қорғаушылар және еріктілерден құралған топпен бірлесіп, көмектің белгіленген нысанға жеткізілуін толығымен қадағаламақ.
«Дәрілік заттар жоқ екен. 5 түрлі маскасы бар, халаттары бар екен. Соны енді бүгінгі күні қалай таратылатынын қоғамдық ұйымдармен бірлесіп және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қадағалауда», – деді қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменттің басқарма басшысы Елнар Игіліков.
«Мен бұл көмекті тарату барысында ашықтық болуын және оны жұртшылыққа жария етуге жол беруін мемлекет басшылығынан жеке сұрадым. Енді әрі қарай бұл жүкті бөліп тарату кезінде оның қай медициналық мекемеге, қандай мекенжаймен, қанша көлемде жеткізілетінін бірге жүріп, бақылайтын боламыз. Тіпті, керек жерде қайтадан тексереміз», – деді құқық қорғаушы Саида Таукелова.