СҚО-да карантин шаралары қайта күшейтілуі мүмкін

Almaty.tv
Almaty.tv
Өңірде коронавирус жұқтырғандар саны күн сайын артып келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 2 жұманың ішінде 1622-ге жеткен. Мамандардың айтуынша, дертке шалдыққандар күн сайын артып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Облыста коронавирусқа қатысты жағдай тұрақсыз. Сарапшылар мұның шектеу шараларын жеңілдету салдарынан болып жатқанын айтады. Егер эпидемиологиялық жағдай нашарласа, солтүстікқазақстандықтар үшін карантин шаралары тағы да күшейтіледі. Бүгінгі күні мониторингтік топтар санитарлық нормаларды бұзушыларды анықтауды жалғастыруда. Қазан айынан бері олар қоғамдық орындарға 73 рейд жүргізіпті.

«Азаматтардың өзін-өзі оқшаулау режимін сақтауын бақылауды жалғастырудамыз. Объектілерге кіруге тырысып жатқан «қызыл» мәртебесі бар тұлғаларға 3 млн 700 мың теңге сомасына 88 айыппұл салынды. Оның ішінде 76 адам айыппұлын төледі. Бұл адамдардың тізімі әлеуметтік желілерде жарияланды», – деді облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.

Мамандар соңғы уақытта екпе алуда халықтың белсенділігі төмендегенін де айтып қалды. Қазір орта есеппен, тәулігіне 200-300 адам екпе алады екен.

«Вакцинацияның жоғары қарқыны бар аймақтарда вирус іс жүзінде таралмайды және бұл аймақтарда шектеу шаралары жеңілдейді. Егер вакцинацияның өсуі жалғаспаса, онда біз барлық кәсіпорындардың қызметін тоқтата тұру, олардың қызметіне толық тосқауыл қою сияқты қадамдар жасауға мәжбүр боламыз», – деді Арман Күшбасов.

Сондай-ақ, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары коронавируспен балалардың жиі ауыра бастағанын атап өтті. 15 қазандағы жағдай бойынша дәрігерлердің бақылауында 242 бала бар, оның 24-і ауырлығы орташа стационарда емделуде.

«СҚО тұрғындарын карантин шараларын сақтауға шақырғым келеді. ПТР мәртебесі расталған, үй карантинінде, амбулаториялық емделуде жүрген, симптомсыз немесе ауру ағымының жеңіл түрі бар адамдарды үй карантинін сақтауға шақырғым келеді», – деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов.

Облыс бойынша стационарларда коронавирус жұқтырған науқастар үшін 1600 төсек-орын дайындалған. Қазір 691 тұрғын ем қабылдап жатыр. Төсек қорының жүктемесі 43 пайызды құрайды. Өткен тәулікте өңірде 157 науқас тіркелсе, соның 43-і Петропавл қаласында анықталған.

Новости партнеров