Алматыда карантинге қарамастан түнгі уақытта да жұмыс істейтін көңіл көтеретін орындарға енді қатаң шара қолданылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұдан былай ірі көлемдегі айыппұлдан бөлек нысандағы су мен жарық бірден өшіріледі. Ал симптомсыз науқастар ауырғанын біле тұра, қоғаммен байланысып, індет жұқтырса олар да жауапкершілікке тартылады. Өзін-өзі оқшаулап жатқандардың жағдайы енді бейнебайланыс арқылы тексерілмек. Ол үшін пациенттерді қолдау орталығын құру жоспарлануда. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаев Алматы арнасындағы «Akimat Live» хабарының тікелей эфирінде айтты.
Алматы арнасындағы «Akimat Live» тікелей эфиріне кезекті рет сұхбат берген Бақытжан Сағынтаев қазіргі эпидемиологиялық ахуал, COVID-19-бен күресу шаралары туралы айтты. Қала әкімі зерттеу жұмыстарына тоқталды. Бүгінде зертханалардың қуаттылығы 2,5 мыңнан 9,5 мыңға дейін артқан. Зерттеу көлемі күніне 19,5 мыңға дейін ұлғайған. Осы уақытқа дейін шамамен 435 мың зерттеу жүргізілді. Яғни, қала тұрғындарының шамамен 15-17%-ы сынақтан өтті. Ал әлеуметтік осал топтарға Атакентте тегін ПТР тест тапсыруға болады. Алматы әкімі медициналық дайындық жайын да баяндады.
«Қазір 5 КТ аппараты сатып алынды. Қазір күтіп отырмыз келуін. 33 рентген аппаратын сатып алынды. Олардың да келуін күтіп отырмыз. Жалпы демеушілердікін қосқан кезде 500-ге жуық ИВЛ аппараты алынды. Оның 66-сы қазір келіп түсті. Оның 256-сы бюджеттің есебінен және де 2 мыңға жуық оттегі концентратлар келеді. Оның 1050-ын біз бюджет арқылы алып жатырмыз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Қала әкімі өзін-өзі оқшаулау режимін бұзушы симптомсыз вирус жұқтырушыларға қолданылған шараларға жеке тоқталды. Егер ПТР-тестілеудің оң нәтижесі анықталған жағдайда, науқас адамға белгіленген ережелерді сақтау туралы хабарлама жіберіледі. Ол үй карантині ережелерін бұзса, жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертіледі. Бүгінгі таңда КВИ-ді жұқтырған 8 симптомсыз науқас арнайы стационарға оқшауланған. Оларға 83 340 тг айыппұл салынды. Егер олар өзгелерге ауру жұқтыратын болса, онда қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
«Егер де осы жұмыс басталған кезде 72 дәрігерлік мобильді бригада жұмыс істеп бастаған осы емханалардың төңірегінде оған 400-дей дәрігер, медперсонал тартылған болатын. Қазір осы мобильді бригадалардың саны 292-ге жетті. 1 мыңға жуық дәрігерлер мен медбикелер жұмыспен қамтылды. Ішінде психологтар бар. Түрлі саладағы дәрігерлер бар. Осының бәрі үйде отырған науқастардың жағдайын күнделікті қадағалап отыр», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Сонымен бірге, дәріханаларда дәрі-дәрмектердің қанша қалғанын анықтайтын қосымша әзірленді. Болашақта Алатау инновациялық паркінде фармацевтика құралдарын өндіру көзделуде. Осы уақытқа дейін 5 компаниядан өтініш келді. Олар дәрі-дәрмек, жеке қорғаныш құралдарын шығаруды ұсынып отыр.
«Қазір қолға алған шаралардың негізінде бұл проблема толығымен шешілді. Қазір ешқандай да дефицит жоқ. Осы шілде айының өзінде Алматыға 10 ұшақ дәрі-дәрмек әкелінді.10 ұшақты біз қабылдадық. Бізде 4 миллионға жуық дәрі қоры бар. Жақын арада тағы да 3 миллионға жуық дәрі-дәрмектің келуін күтіп отырмыз. Осыған байланысты құрған ставфонд бар. 10 млрд теңге бөлдік. Біздің дәріханаларды дәрі-дәрмекпен қамту, 5 млрды стационарларлық ауруханаларды, емханаларды қамтамасыз етіп отыр», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Әңгімені қорытындылай келе, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарын жауапкершілікке, бір-біріне құрметпен қарауға шақырды. Қаланың әдеттегі өмір ырғағына жақын арада оралуы осыған байланысты болмақ.
Жадыра Омаржан, Нұрбол Сазабеков, «Алматы» арнасы