Алматыда ковидті ауруханалардағы медициналық қалдықтар сыртқа шығарылмастан жойылады

rubryka.com
rubryka.com
Бір реттік бұйымдарды тезірек жою маңызды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Медициналық қалдықтар ковидті ауруханалардан тысқа шығарылмастан жойылады. Қала әкімдігі коронавирустың ауа арқылы таралмауын қамтамасыз ету үшін, ем-шарада қолданылған қажетсіз бұйымдарды қауіпсіз жоюда ковидттік госпитальдерге автономды станциялар орнатпақ. Сондай-ақ, пандемиямен күресетін барлық медициналық ұйымдардан шығатын ағынды суларды залалсыздандыру жүйелері де салынатын болады. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіттің бейнематериалында.

Елдегі пандемия жағдайына байланысты медициналық қалдықтар – қазіргі уақытта басты мәселелердің бірі. Себебі науқастар саны көп, ал ем-шара кезінде пайдаланылған бір реттік бұйымдарды тезірек жою маңызды. Олар вирустың ауамен таралуына әкеліп соғуы мүмкін.

«Медициналық қалдықтарды жоюда қауіпсіздік шараларын ұмытпаған абзал. Себебі, медицина қызметкерлеріне болсын немесе науқастарға инфекцияның, вирустың жұғу қауіпі жоғары. Сондай-ақ, қоршаған ортаға да тарап кетуі мүмкін. Егер, қалдықтарды қалаған жерімізге, далаға тастайтын болсақ, инфекцияның таралуы орын алады», – деді № 36 емхананың инфекциялық бақылау медбикесі Гүлнар Жәбішева.

Дәрігерлердің айтуынша, емханаға келген науқастарды емдеуге пайдаланылған құралдар арнайы қоқыс қораптарына салынады. «А» және «Б» санаты деп бөлінген екі топтың біріншісіне қауіпсіз тұрмыстық қалдықтар, яғни қағаз, қаламсап, құжаттар жиналады. Ал, «Б» тобындағы қорапқа пайдаланылған мақта, ине, сараптама құралдары, бетперде мен қолғаптар тасталады. Сондай-ақ, инфекциялық ауру жұқтырған науқастарды емдеуде пайдаланылған медициналық қалдықтар үшін жеке қорап бар.  

Медициналық ем-шара кезінде қолданылған барлық қауіпсіз және кауіпті  қалдықтар жиналған соң арнайы уақытша сақтау бөлмесіне қойылады. Мұнда қалдықтардың қай топқа жататыны белгіленіп, әр қорап алдымен таразыға өлшенеді. Әрі қарай салмағы мен жауапты адамның есімі жазылады. Ал, аптаның белгіленген күндері мердігер ұйым барлық медициналық қалдықтарды арнайы көлікке салып, өңдеуге алып кетеді.

Әрі қарай қажетсіз медициналық құралдарды жоюмен жеке компаниялар айналысады. Сондай-ақ, медициналық қалдықтардың жойылуын қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қадағалап отырады. Десе де пандемияға байланысты пайдаланылған бір реттік ем-шара бұйымдары мен жеке қорғаныс құралдарын жоймас бұрын, залалсыздандыру мәселесі маңызды. Осы мақсатта қала басшысы Бақытжан Сағынтаев мегаполистегі барлық ковидті ауруханаларға заманауи жүйе енгізілетінін алға тартты. Бұл шараның қабылдануы – жаңа ошақтардың пайда болу қаупін азайтпақ.

«Медициналық мекемелердегі жойылуы қажет қалдықтардың барлығы тыс жерлерге шығарылады. Мердігер ұйым қалдықтарды алып кеткен соң, алдымен оларды залалсыздандырып, кейін түрлі  жолдармен жояды. Дегенмен бұл үрдістің қаншалықты дұрыс жүзеге асатыны белгісіз. Сондықтан біз әрбір ковид ауруханасында медициналық қалдықтарды тастайтын автономды станция құру туралы шешім қабылдадық. Орнатылған вакуум арқылы қалдықтар бактериялардан тазарып, сол жерде ұнтақталады. Осылайша іс жүзінде қауіпсіз тұрмыстық қалдықтарға айналып, жоюға полигонға шығарылады», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар, шаһар басшысы алдағы уақытта пандемиямен күресетін барлық медициналық ұйымдардың ағынды суларды залалсыздандыру жүйелерімен жабдықталатын да атап өтті. Бұл кәріз сорғы станциялары мен кәрізді тазарту қондырғылары арқылы қалада COVID-19-дың және өзге де инфекцияның таралу ықтималдығын жояды. Айта кету керек, бұл әдіс Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген талаптарға сәйкес келеді және БҰҰ мақұлдаған шаралардың бірі болып табылады.

Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы

Новости партнеров