Бүгінде Алматыда 9,5 мыңнан аса оқушы Pfizer екпесін алған
Елімізде желтоқсаннан бастап «омикрон» штамына байланысты жаңа шектеулер енгізіледі. Ол туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов айтты. COVID-19-ды таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия 3 желтоқсаннан бірқатар шетелдіктердің келуіне шектеу қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстанға «омикрон» штамын енгізбеу – биліктің бүгінгі басты мәселесіне айналып отыр. Себебі 32 мутацияны біріктірген жаңа штамм «дельта» вирусына қарағанда аса қауіпті. Әлемде жағдай енді тұрақталып келе жатқанда, жаһанды қайта дүрліктірген бұл вирус қазір Оңтүстік Африка, Израиль, Ресей және Еуропаның бірқатар мемлекеттеріне тарап үлгерді. Сондықтан бұл елдер карантин шараларын күшейтуге мәжбүр. Әзірге Қазақстанда бұл вирус тіркелген жоқ. Бірақ коронавирус жұқтырған науқастардың тест-сынамаларын секвенирлеу жұмысы жүріп жатыр. Оның нәтижесі желтоқсанның үшінші онкүндігінде белгілі болады. Сондай-ақ осы жұмадан бастап бірқатар шетел азаматтарының елге кіруіне тыйым салынбақ.
Оқи отырыңыз: Елімізде «омикрон» штамына байланысты жаңа шектеулер енгізіледі
«Омикрон» штамының жылдам тарауы қоғамды алаңдатты. Отандық мамандар бұл штамм елде тіпті коронавирустың бесінші толқынын тудыруы мүмкін деп болжап отыр. Дегенмен бұл вирус Алматыда анықталса, мегаполис ауруханалары мен мамандар ауыр жүктемеге дайын дейді қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.
Алдағы уақытта халықаралық әуежай да бірқатар шараларды қатаңдатпақ. Егер «омикрон» штамы тіркелген елдерден келген азаматтардан алынған ПТР-тест «оң» нәтиже берсе, сынама бірден Нұр-Сұлтанға зерттеуге жіберіледі. Бұл шетелдіктерде қауіпті вирустың бар-жоғын секвенирлеу үшін жасалмақ. Одан бөлек, ведомство өкілі қазір қалада жұқпалы респираторлы вирус өршіп тұрғанын да хабарлады. Себебі 1 қазаннан бастап 86 мың жағдай тіркеліп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,6 есеге көп. Ал сырқаттанғандардың басым көпшілігі балалар екен.
«Тұмаудың өршуін тоқтату үшін халықтың кем дегенде 10 пайызы тұмауға қарсы вакциналануы қажет. Қазір бұл көрсеткіш 6,7 пайыз ғана. Барлығы 128 мыңнан аса тұрғын бұл екпені алды. Олардың 3,5 мыңнан астамы ақылы түрде егілген. Сондай-ақ қалада тұмаумен сырқаттанғандардың 63 пайызы – балалар», – деді Алматы қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.
Мамандардың айтуынша, қазір тұмауды көбінесе 5 жас пен 14 жас аралығындағы балалар жұқтырып жатыр. Бірақ коронавируспен сырқаттану азайыпты. Бұған мегаполисте жеткіншектерді вакциналау айтарлықтай әсер етті дейді дәрігерлер. Себебі бүгінде қалада 9,5 мыңнан аса оқушы Pfizer екпесін алған. Осы ретте отандық неанотологтар қазір перинатология орталығында антиденемен дүниеге келген сәбилер де бар екенін алға тартуда.
«Ондай балалардың кейбірінің анасы жүктілік кезінде ПТР-тест «оң» болып, коронавирустық инфекция, пневмониямен ауырған немесе жеңіл өткен. Бірақ балаларда антиденелер шыққан. Яғни, коронавирусқа қарсы антиденелер плацентадан анасынан баласына берілген. Бірақ инфекцияның өзі берілмеген. ПТР «теріс» болғанымен, антиденелері бар. Қазір бізде соны зерттеу бойынша жұмыс атқарылып жатыр», – деді ҚР ДСМ штаттан тыс бас неанотологы Нышангүл Божбанбаева.
Қазір елімізде халықты жаппай вакциналау жалғасып жатыр. Бүгінге дейін вакцинаның бірінші компонентін 8 миллион 7 жүз мыңнан аса адам алған. Ал 22 қарашада басталған ревакциналау науқанында екпенің үшінші күшейткіш мөлшерін барлығы 9412 адам салғызыпты. Ал Алматыда бұл көрсеткіш 1390-ға жеткен. Оның 1100-ден астамы вируспен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлері екен.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы