Зейнеткерлер өте көп: Алматыдағы емханаларда вакцинация науқаны жалғасып жатыр

Зейнеткерлер өте көп: Алматыдағы емханаларда вакцинация науқаны жалғасып жатыр
Ақ халаттылардың сөзінше, емханаға күніне вакцина салдыруға 400-ге жуық қала тұрғыны келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы қалалық емханаларда да екпе науқаны  жалғасып жатыр. Келушілер арасында қарт кісілер де аз емес. Жалпы, вакцинацияның күн санап қарқын алып келе жатқаны байқалады. Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай бүгін емханалардың біріне барып, екпе алғандармен әңгімелесіп қайтты.

Екпе аламын деуші қала тұрғыны тек тіркелген емханаға ғана емес, өзіне ыңғайлы кез келген нүктеге бара алады. Алдымен олар терапевт маманның тексеруінен өтіп, ағзасында вакцинаға қарсы көрсетілімі жоқ екені анықталады. Екпе алған соң жарты сағат бойы медициналық мекемеде, дәрігердің бақылауында болады.

«50 пайыздан астамы бізде 18-45 жас аралығындағы адамдар. Көбінесе бірінші кезеңде біз медицицналық қызметкерлерге вакцина салдық. Зейнеткерлер өте көп. Санмен алатын болсақ, біздің емхана бойынша 200-ге жуық зейнеткер ады», – деді №7 қалалық емхананың эпиедмиолог-дәрігері Инабат Пірімжанова.

Коронавирус вакцинасынан кейін дене қызуы қысқа уақыт көтеріліп, ине салған орын қызарып, ісінуі мүмкін. Дәрігерлердің айтуынша, бұл қалыпты жағдай. Яғни, осылайша адам ағзасында кеселге қарсы иммунитет пайда болады.  

«Вакцинадан кейін дене қызуы көтерілуі мүмкін. Кішкене қолы ісініп, ауырсынуы мүмкін. Бұл негізі қалыпты жағдай болып есептелінеді. Дене қызуы көтерілген жағдайда парацетамол ішу керек. Ал, аллергия берген жағдайда супрастин ішеміз», – деді №7 қалалық емхананың мейірбикесі Ақниет Дәуітқан.

Ақ халаттылардың сөзінше, емханаға күніне вакцина салдыруға 400-ге жуық қала тұрғыны келеді екен. Олардың басым бөлігі екпені індетке қарсы ең басты қару деп санайды.  

«Қорқатын ешқандай себеп жоқ. Бұл алып қашпа сөздің әсері шығар. Әркім әртүрлі айтып жатыр. Оған дәлел жоқ. Келіп алу керек», – деді қала тұрғыны Асанхан Әлішер.

«Барлығымыз өз денсаулығымызды ойлауымыз керек. Мен де вакцина салдырдым», – деді қала тұрғыны Дәужан Қанатұлы.

 «Өкінішке қарай, ана жылы мен 14 кісіден айырылдым. Қазақстанда тұратын кісілерге айтарым - міндетті түрде вакцина алу керек», – дейді қала тұрғыны Ғабиден Садырбаев.

Мамандардың айтуынша, елімізде вакцинация басталғалы кері әсері болды деп шағымданғандар болмаған. Дәрігерлер екпенің ағзаға қаупі жайында тарап жатқан қауесеттерге сенбеуге шақырады.

«Вакцина салдыруға қорқақтайтындар екпенің кез келген түріне қарсы адамдар деп ойлаймын. Олар осы індетпен ауырып, хәл үстінде жатқандарды көрген жоқ. Бәлкім, сол үшінде вакцинаның маңызын түсінбейтін шығар.  Мүмкіндігінше тез екпе алып, қоғамда ұжымдық иммунитет қалыптастыруымыз керек. Әрдайым індеттен бір қадам алда жүруге тиіспіз», – деді медицина ғылымдарының докторы, иммунолог Гаухар Құрманова.

Айта кетейін, елімізде 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы жаппай ерікті вакцинациялау басталды. Қазір халыққа ресейлік «Спутник V» вакцинасы салынып жатыр. Оның тиімділігі 92 пайыз деп бағаланған. Ал, ел болып ұжымдық иммунитет қалыптасу үшін халықтың 60 пайызы екпе алуы қажет.

Сымбат Ноғай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров