Алматыда қала халқын сауда ойын-сауық орталықтары мен базарларда вакцинациялау басталды. Тек Бостандық ауданындағы 4 егу пунктінде демалыс күндері 300-ден аса тұрғын екпе алып үлгерген. Бүгінде сауда орталықтарында вакцинациялау қалай жүріп жатыр? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.
10 сәуірден бастап, Алматыда қала халқын сауда ойын-сауық нысандары мен базарларда вакцинациялау басталды. Тек, Бостандық ауданындағы мына орталықта демалысқа қарамастан, алғашқы күні 135 адам вакцинацияланса, екінші тәулікте 190 ерікті екпе алып үлгерген.
Бұл сауда ойын-сауық орталығында халықты жаппай вакцинациялау аймағы мұз айдынында орналасқан. Артымызда тұрған үш шатырдың бірінші, екінші бөлімінде терапевт мамандар келушілердің денсаулық жағдайын қадағалайды. Үшіншісінде оларға екпе жасалады. Ал, мына электронды тақтайшада таңғы сағат 08.00-ден бастап, түскі 13.00-ге дейін 130 қала тұрғынына вакцина жасалғаны көрсетілген.
Вакцина алу үшін белгілі бір емханада тіркелудің немесе Алматыда тұрғылықты мекенжай анықтамасының болуы талап етілмейді. Жеке куәлікпен орталыққа келсе болғаны. Онлайн кезек қағазын алып, қажет құжаттарды толтыру қажет. Дәрігерлердің айтуынша, бүгінде 400-ден аса тұрғын дәл осында екпе салдырып, ешқандай шағым болмапты.
«18 бен 45 жастағы еріктілер өте көп. Қарап тексереміз, сатурациясын өлшейміз. Кейін созылмалы аурулары болмаса, вакцина егуге рұқсат беріледі. Қазір стационарда, ауруханаларда ауырып жатқан науқастар легі өте көп. Бүкіл халыққа бірден көмек бере алмаймыз. Сондықтан жаппай вакцинациялау арқылы осы ауруды жеңеміз деп ойлаймын», – деді №4 қалалық емхананың терапевт-дәрігері Гүлнар Әбдікерімова.
Қазір орталықта 4 вакцинациялау пункті бар және мұнда №4 қалалық емхананың 8 топ қызметкері 2 ауысыммен жұмыс істеуде. Жалпы, екпе аймағында арақшықтық сақталған. Арнайы нұсқаулықтар қойылып, келушілерге барлық жағдай жасалған.
«Халық белсенді вакцинациялануда. Ешқандай дүрлікпе жоқ. Өз басым екпенің 2 компонентін де алып, қазір өзімді жақсы сезінемін. Ал, өз еркімен екпе алуға келгендер өзін жайлы сезінуі тегін шай құйып, салқын сусын ұсынудамыз», – деді кәсіпкер Нұрлан Смағұлов.
Вакцина алған тұрғындар жарты сағат күту аумағында орналасады. Бастысы, екпені салдыруға ниет білдірген халық өз еркімен, саналы түрде келгенін айтады.
«Барлығы өте жақсы ұйымдастырылған. Мен барлық адамдарды шақырамын вакцинацияға. Мысалы, ол өте пайдалы деп ойлаймын. Ол біздің бұрынғы өмірге қайтуға көмектеседі», – деді қала тұрғыны Айгүл Тағатова.
«Денсаулыққа пайдасы бар. Сол себепті өз ойыммен келіп, вакцина алып отырмын. Ауыршылық ештеңе жоқ. Қорықпай келіп салдыру керек», – деді қала тұрғыны Асхат Койкин.
«Коронавирус болып жатқан соң, өзім вакцинацияға келдім. Жағдайым бәрі жақсы. Қорықпау керек, вакцинацияны өту керек! Көмек болады организмға», – деді қала тұрғыны Бейсенбек Сабырқұлов.
Жалпы, 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап, 11 сәуірге дейін қалада барлығы 75 660 адам вакцинацияланыпты. Оның ішінде 15 мың қала тұрғыны «Спутник V»-дің екі компонентін де алып үлгерген. Қазір 200 вакцинациялау пункті жұмыс істеуде. Алдағы уақытта тағы 50 егу аймағын іске қосу жоспарланып отыр.
Аяулым Көлжігіт, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы