Нұр-Сұлтанда мониторингтік топ түн ортасында карантин тәртібін бұзған көңіл көтеру орнында 400 адам жүргенін анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Клуб жұмыс режимі туралы елорданың санитарлық дәрігерінің қаулысында көрсетілген талаптарға бағынбаған. Мекемеде әлеуметтік қашықтық пен маска режимі мүлдем сақталмаған. Қалада коронавирус өршіп, қайта «қызыл аймаққа» енгеніне қарамастан, тұрғындар қатерлі дерттің қаупін қаперлеріне алмаған.
Бас қалада кафе-барлардың санитарлық дәрігер белгілеген талапты сақтамауы тиылмай тұр. Түн ортасында мониторингтік топ мына клубта 400 адамның карантин шараларын елемей емін-еркін көңіл көтеріп жатқанын анықтады. Ал, тағы бір түнгі клубта 300-ден астам адам әлеуметтік қашықтық пен маска режимін сақтамай жүргені белгілі болды. Жалпы бір түнде Нұр-Сұлтан бойынша осындай 8 жағдай тіркелді.
«Нұр-Сұлтанда кәсіпкерлік субъектілері арасында карантин талаптарын сақтамау жағдайлары аз емес. Кеше анықталған «БХБ», «Зима» түнгі барлары осымен бірнеше мәрте ережені бұзып отыр. Аталған фактілер бойынша жедел шара қолданды. Санитарлық-эпидемилогиялық қадағалау департаментіне әкімшілікке тарту бойынша хаттама жолданды»,– деді қала бойынша мобильді топтардың үйлестірушісі Аман Оспанов.
Елордада COVID-19 инфекциясы тұрақсыз деп бағаланып отыр. Соңғы аптада сырқаттану деңгейі 10%-ға артқан. Вирустың таралуына карантин шараларының сақталмауы себеп. Тіпті, науқастармен байланыста болғандардың үлесі 49 пайызға өскен.
«Қазіргі уақыта қалада коронавируспен ауырған адамдарды тіркеген 912 үй бар. Онда 2500 адам дәрігерлердің бақылауында. Коронавирус инфекциясының жалғасуының негізгі себебі – тұрғындардың карантиндік іс-шараларды сақтамауы, адамдар көп жиналатын орындарға баруы және бетперде тақпауы»,– деді қалалық бас санитар дәрігер Сархат Бейсенова.
Жалпы бас санитарлық дәрігердің қаулысында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Қоғамдық көліктер демалыс күндері де жүреді. Компьютерлік клубтар, бассейн-сауналар, боулингтер, фитнес орталықтар «Ашық» қосымшасы арқылы жұмысын жандандырды. Сырқаттанушылар саны көбейгендіктен мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілген режимге ауыстырылды. Айта кетейік, жыл басынан бері елорданың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті кәсіпкерлік субъектілерінің карантиндік шектеулерді бұзуына қатысты жоспардан тыс 280 тексеру жүргізіпті. Оның қорытындысы бойынша 60,5 млн теңгеден астам сомаға 261 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Асылбек Тойбек, «Алматы телеранасы»