Алматы «қызыл» аймаққа кіргелі карантин шаралары күшейтіліп жатыр. Сонда да кей кәсіпкерлік нысандар талапқа бағынғысы келмейді. Сол себепті қалада мониторингтік топтар күндіз де, түнде де тексеріс жұмыстарын жүргізіп, мекемелерді бақылауға алды. Нәтижесінде бірнеше дәмхана мен мейрамхананың жұмысын әшкереледі, деп хабарлайды Almaty.tv
Медеу ауданының тексерушілері Зенков көшесінің бойында орналасқан кафенің үстінен түсті. Мұндағылар сағат түнгі 12-ден асса да жұмысын тоқтатпаған. Өз кінәсін түсінген кәсіпкер еш қарсылық танытпай хаттама толтырды. Олардың айтуынша уақытында жұмыс істейді, алайда келушілер шықпай қойыпты.
Ал, келесі нысан мониторингтік топтың келе жатқанын сырттан байқап қалды ма әйтеуір топталып қаша бастады.
Келесі, бар орталығы сағат тілі 01:30 ды көрсетсе де есіктерін жаппаған. Адамдардың көп болғаны сондай, барлығы сыртқа қашты. Мамандар тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Кейін бар әкімшісіне Әкімшілік құқық бұзушылықтың 425-бабы бойынша хаттама толтырып, 670 мың теңге көлемінде айыппұл салды.
Қаладағы үлкен мейрамхананың бірі топты көріп, есікті құлыптап алды. Амалы қалмаған мамандар есікті бұзып кіру үшін төтеншеліктердің қызметіне жүгінуге мәжбүр.
Көп ұзамай 109 қызметінің мамандары да келіп, автотұрақ жағынан кірілетін қосымша есікті ашып берді. Мониторингтік топтың кіре бергені сол еді келген демалушылардың түрі өзгеріп сала берді. Ал, есікті әдейі ашпаған мейрамхана күзетшілері тығылып қалыпты. Көп ұзамай тексеруші топқа қарсылық танытқан барлық қызметкерді полицияға алып кетті.
«Бізге бұл орталықтың ашық екенін қалалық штабтың мамандары хабарлады. Одан бөлек, Медеу ауданында күшейтілген түрде рейд жұмыстары жүріп жатыр. Кәсіпкерлік нысандарды күндіз 2 топ, түнде 2 топ болып бақылауға алдық. Сондықтан рейд жұмыстары жалғаса бермек»,– деді Медеу аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Қайрат Нұрқасымов.
«Алматының «қызыл» аймаққа кіруіне байланысты тұрғындардан карантин режиін сақтап, маска тағуын сұраймыз»,– деді Медеу аудандық NUR OTAN партиялық бақылау коммисиясының хатшысы Диас Шамғұнов.
Медеу ауданында жыл басынан бері 120 нысан анықталып, айыппұл салынған. Ал, 8 кәсіпкердің жұмысы сот шешімімен 1 айға тоқтатылған. Естеріңізге салайық, 13 Наурыздан бастап бас санитардың қаулысына сәйкес барлық кәсіпкерлік нысанның жұмыс уақыты шектеліп, кешкі сағат 8-де жабылу керек.
МЕРЕЙ ҚАНАПИЯНОВ, САҒЫНҒАЛИ МҰҢАЙТБАСОВ АТ.