Кавасаки синдромы: Бір жасқа дейінгі балғындар үшін қауіпті

CC0
CC0
Дерттің басты белгісі 24 сағатта болатын жоғары дене қызуы мен бірнеше ағзаның бірден қабынуы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ал, ел ішінде тарап кеткен "Кавасаки" синдромына аса үреймен қараудың қажеті жоқ. Алайда біз атаған кавасакиге көбінесе ұл балалар шалдығады. Дерт әсіресе бір жасқа дейінгі балғындар үшін қауіпті дейді дәрігерлер. Балалар онкологы және гематологы Фатима Алиева ауруды тек коронавирус емес, кез келген вирустық инфекция қоздыруы мүмкін екенін алға тартады. Сонымен пандемия басталғалы бұл дерт қанша балада анықталды? Індет қаншалықты қауіпті? Жаппай тарап жатыр деген ақпар рас па? Almaty.tv тілшісі Салтанат Нысанбек толықтырсын. 

«Кавасаки дертіне келер болсақ, елімізде жылына 3-5 баладан шалдығатын. Биыл да бұл ауруға байланысты 5 жағдай тіркеліп отыр. Ал пандемия басталғалы «кавасакиге ұқсас синдром» 16 балада анықталды.   Оның 8-і ем дом алып, сауығып, үйіне шығарылды. Кавасаки мен кавасакиге ұқсас синдромның айырмашылығын айтсақ, біріншісі 5 жасқа дейінгі балғындарда ғана болса, оған ұқсас синдром 21 жасқа дейінгі жастарда пайда болуы мүмкін», – деді «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрайымы Риза Боранбаева.

Педиатрдың айтуынша, Кавасакиге ұқсас синдромды емдеудің тиімділігі оны дер кезінде анықтауға байланысты. Дерттің басты белгісі 24 сағатта болатын жоғары дене қызуы мен бірнеше ағзаның бірден қабынуы. Сырқат анқтыланғанда науқас шұғыл ауруханаға жатқызылуы тиіс. Ол инфекционист, ревматолог, кардиолог, гематолог, реаниматолог сияқты дәрігерлерден құрылған команданың жіті бақылауында болады. Ал балалар онкологы мен гематологы Фатима Алиева кавасакиге ұқсас синдромға көбінесе ұл балалар шалдығатынын жеткізді.  

«Бүгінде кавасакиге ұқсас синдромға көбінесе ұл балалар шалдығып жатқаны дәлелденіп отыр. Бұл 6 ай мен 5 жасқа дейінгі балғындар. Әлем бойынша статистиканы алар болсақ, коронавирус жұқтырып, кавасакиге ұқсас синдромға шалдыққан дәп осы категориядағы балғындардың көз жұмғаны белгілі. Абырой болғанда, елімізде аталған сырқаттан мерт болу жағдайлары тіркелмеді», – деді балалар онкологы және гематологы Фатима Алиева.

Кавасаки дертіне жаппай шалдығу оқиғаларының Қазақстанда орын алмағанын Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі де растап отыр. Ол сондай-ақ, балаларын мектептердегі кезекші сыныптарға жіберетін ата-аналардың алаңдауына еш негіз жоқ дейді.

«Ата-аналар алаңдамауы үшін және ұстаз ауруды тарату көзі болмауы үшін әр мектепте дәрігерлер мен медбикелер жұмыс істейтінін айтып өту керек. Олар әр мұғалімнің сабақ бастамас бұрын дене қызуының, құрғақ жөтелінің бар-жоғын жіті тексеруге міндетті. Егер қандай да бір белгі нақтыланса, ұстаздың сыныпқа кіруіне рұқсат етілмейді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.

«Ресми өкіл кезекші сыныптарға баратын оқушыларға қойылатын санитарлық талаптар жайлы да айтты. Мәселен, бастапқыда қойылған талап - қолғап кию міндеттелмейтін болды. Бірақ сабақ барысында оқушылар бетперде киюі тиіс. Статистика көрсеткендей, балалар сирек ауырғанына қарамастан, олар ауруды таратушы екенін, қауіп-қатер тобындағы ересек адамдарға жұқтыруы мүмкін екенін естен шығармаған абзал», – деп атап өтті Бағдат Қожахметов.

Новости партнеров