Қазірдің өзінде бір жасқа толмаған 200 шақты нәресте коронавирустан емделіп жатыр
Алматыда балалар арасындағы індет жұқтыру көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда 22 есеге көбейген. Қазірдің өзінде бір жасқа толмаған 200 шақты нәресте коронавирустан емделіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал, 14 жасқа дейінгі 965 бала вирусқа шалдығыпты. Оған шаһарда дельта штамының белең алуы себеп. Осылай деген қаланың бас санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин алматылық ата-аналарды балаларын бақылауға алуға шақырды. Айтуынша, олар қолдарын жиі сабынмен жуып, дезинфекциялауы керек. Адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болып, қоғамдық орындарда маска таққаны жөн.
«Дельта штаммының ерекшелігі – бұл жас балалар арасында жылдам таралып жатқан вирус. Қазір шамамен 200 нәресте бала ауырып жатыр. Қала жұрты осы көрсеткішті ескерсе деймін. Әзірше ойын алаңдары, саябақтар және басқа да қоғамдық орындардан бас тарта тұрған жөн. Ата-аналар толық қырағылық танытуы керек. Бес жастан асқан балалар бетперде режимін сақтауы тиіс», – деді қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.
Қаладағы жалпы эпидахуал да күннен-күнге нашарлауда. Мәселен, өткен бір тәуліктің өзінде 1450 алматылық инфекция жұқтырған. Бір ғана аптада вирусқа шалдығу көрсеткіші шамамен бір жарым есеге артқан. Жандарбек Бекшин шаһарда коронавирустың шарықтау шыңын тамыз айының ортасына болжап отыр.
«Қаламызда эпидемиологиялық ахуал күрделеніп бара жатыр. Соңғы аптаны алсақ, алдыңғы аптамен салыстырғанда жағдайлардың тіркелуі 1,4 есеге көбейді. Мысалы, оның басында болған 5 790 жағдайдан 8 393 жағдайға дейін өсті», – деді қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.