Індетпен ойнама: КВИ-деп ем қабылдап жатқан науқастар сақтық шараларына бейжай қарамауға шақырды

Almaty.tv
Almaty.tv
Өткен жылдың жаз мезгілімен салыстырғанда ауру жұқтырғандар тәулігіне екі есе көбейген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өткен жылдың жаз мезгілімен салыстырғанда ауру жұқтырғандар тәулігіне екі есе көбейген. Бұл коронавирустың жаңа штаммдарының пайда болуымен байланысты деді қала басшысы. Эпидахуалдың қиындауы алматылықтарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Себебі қазіргідей індет өршіген шақта сақтық шараларына баршаның мойынсынғаны жөн, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ерлан Аятбекұлы қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасына 21 наурызда түседі. Дәрігерлер бастапқыда науқастың жағдайы ауыр болғанын айтады. Өкпесінің 25 пайызы зақымдалған. Індеттің ілмегіне қай уақытта ілінгенін білмеймін дейді. Дүкен мен қоғамдық көлікте жүріп сақтық шарасына немқұрайлы қарағандықтан, жұқтырдым ба деп топшылайды.  

«Қазір індет өршіп тұр,  мен ауруханада жатырмын, жағдайымыз ауыр. Дәрігерлерге рақмет күн сайын бізді бақылап, қолдан келген көмегін аямай көрсетіп жатыр. Сіздерден барынша сақтық шараларын сақтауды сұраймын. Індетпен ойнауға болмайды», – деді науқас Ерлан Аятбекұлы.

Сандардың өсуіне қаладағы санитарлық талаптардың сақталмауы бірден бір себеп. Көпшілік жерлер мен қоғамдық көліктерде бетперде мен қолғап кигендер азайды бүгінде. Мұндай қорғаныш заттар тұрғындардың өз саулығы үшін емес, құдды бір күзетші алдынан күдіксіз өту үшін билет секілді. Жұқпалы дерт 79 жастағы қала тұрғыны Серік Байкенже ақсақалды да айналып өтпепті.  

«Менде ковид ауруы жеңіл өтті. Десе де қатты қиналдым. Әлемді шарлаған мұндай жұқпалы ауруға немқұрайлы қарауға болмайды. Қала тұрғындарынан сақтық шараларын сақтауға шақырамын», – деді науқас Серік Байкенже.

Бүгінде қала бойынша емханаларда 768 мобильді бригада жұмыс істейді. Жедел жәрдем көрсететін олар тек ковидің симптомдарына ұқсас науқастардан ғана қоңырау қабылдайды. Дәрігерлер әсіресе мереке күндері мен түнгі мезгілде мобильді топ  жұмысы күшейетенін айтады.  

«Шақыртулардың өсуі бар. Ол адамның үрейіне де байланысты. Адам тамағым аурып жатыр, жөтеліп жатырмын деп, кейде науқастың дене қызуы көтеріліп тұрады. Соған байланысты шақырту көбейді. Бірақ жағдай бақылауымызда. Былтыр біз көп нәрсені білмедік пе, түсінбедік пе, қиыншылықтар болды. Ал, қазір команда толық құрамда дайын, бәрі үйренген, оқытылған», – деді №14 қалалық емхананың мобилді бригадасының жетекшісі Арман Исмаилов.

Қазір 65 жастан асқан егде жастағы кісілер мен індетті жұқтыру қауіпі жоғары адамдар жергілікті емханаларда ПТР-тест тапсырулары керек. Айта кетейік, емханаға өз денсаулығына байланысты шағым айтып келген пациенттер тұрғылықты жері мен мекенжай анықтамасына қарамай, тестті тегін тапсыра алады.  

Ұлағат Арғын, Ялкунджан Әшімжанов, «Алматы» арнасы



Новости партнеров