|
08.04.2020 | 21:11
3182

Елордалықтар коронавирусты жедел анықтайтын тестілеуден өтеді

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Кисикова мәлімдеді

Елордалықтар коронавирусты жедел анықтайтын тестілеуден өтеді Reuters

Елордалықтар бүгіннен бастап коронавирусты жедел анықтайтын тестілеуден өтеді. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Кисикова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Айтуынша, талдамалар қатаң эпидемиологиялық көрсеткіштер негізінде және мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес жасалатын болады. Бұдан бөлек, ведомство басшысы Нұр-Сұлтандағы 200-ден астам науқастың жағдайы жайлы да айтты.

«5 науқастың жағдайы ауыр халде. Оның үшеуі жасанды өкпе желдету аппаратына қосылған. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізіліп жатыр. Басқа науқастардың жағдайы қалыпты. Нұр-Сұлтан қаласында 28 қаңтардан бастап 6 315 адам бақылаудан және емдеуден өтті. Оның 202-сі 18-ге толмаған балалар», – деді  қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле КИСИКОВА.

Сәуле Кисикова, сондай-ақ, елордада тіркелген 222 науқаспен 2167 адамның байланыс жасағанын мәлімдеді. Олар уақытылы оқшауланып, коронавирусқа тексерілді. Осы топтың ішіндегі 131 адам індетті жұқтырған екен. Ал қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту департаментінің басшысы Ерлан Бекмұрзаев қалаға кіреберістерде жасақталған жасыл дәліз туралы пікір білдірді. Айтуынша, карантин енгізілген кезден бастап елордаға 3800 жүк көлігі кірген. Оның ішінде азық-түлік өнімдері 14 мың 315 тоннаны құрайды. Бүгінде қалада А-классты, яғни ірі қоймалардың саны бесеу және жеті көкөніс қоймасы бар. Ондағы азық-түлік қоры жеткілікті, тапшылық байқалмайды. Оны күні кеше Мемлекет басшысының өзі тексерген болатын. Бағаны тұрақтандыру бойынша да бірқатар шаралар пысықталуда.

«Біз өңірлермен жеміс-жидек пен көкөніс тобында және ет, азық-түлік өнімдеріне белгіленген бағалармен форвардтық келісімшарттар жасауды пысықтаудамыз. Бұл –Түркістан, Жамбыл облыстары, Ақмола және Павлодар облыстары. Екіншіден, айналым механизмі бойынша күріш, қарақұмық және көкөніс тобына кіретін картоп, пияз, сәбіз және қырыққабат белгіленген бағамен сатылатын шарттармен ірі бөлшек сауда желілерімен жеңілдетілген несие туралы келісімдерге қол қойылды. Қосымша жергілікті бюджеттен 1,5 миллиард теңгедей ақша бөлінді», – деді қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту департаментінің басшысы Ерлан БЕКМЫРЗАЕВ.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир